Қамаудағы 18 күнім тозаққа айналды – желтоқсаншы Батырхан Тұрарұлы

395

1986-ның желтоқсаны ұлт жадында ызғарымен сақталып қалды. Мызғымастай көрінген одақ іргесінің сөгілуіне сеп желтоқсанда алаңға шығып, наразылығын білдірген жастардың бүгіні қалай? Олар 32 жыл бұрынғы күнді қалай еске алады? Мұның жауабын Желтоқсан оқиғасына қатысқан жерлесіміз Батырхан Тұрарұлымен сұқбат барысында сұрадық.

– Батырхан Тұрарұлы сол 1986 жылы 16-18 желтоқсанда Алматыда алаңға шыққан қазақ жастарының қатарында болдыңыз. Сол күндерді еске түсірейікші, сіздің желтоқсан оқиғасына қатысуыңыз қалай болды?

– Бәрі ойламаған жерден басталды. Әйелім кешкі оқуда оқитын еді. Мен оны күтіп алуға оқу орнының сыртында тұрамын. Сағат кешкі тоғыздар шамасы. Әйелімді күтіп алғаннан кейін оған «жастар алаңда жиналып жатыр екен, біз де барайық» деп айттым. Барсақ, біз ойлағаннан көрі адам лық толы екен. Сондағы жиналған жастардың ұрандатып сұрағаны «Қазақты басқаратын бір қазақ не қазақстандық жоқ па» деген сөз болды. Мені таңғалдырғаны – алаңға жиналғандардың көбі қаланың қазақша сөйлей алмайтын жастары еді. Бірақ олар ұранымызды қазақша айтты. Мен осыған таң қалдым. Бәрібір қаны қазақ болса, басқаша болады екен ғой. Сол кезде мен арнайы формадағы адамдарды алғаш рет көрдім. Олардың қолдарында дубинкалары, басында арнайы бас киім, қолдарында қалқандары бар. Олар жиналғандарды қуа бастады. Жанымда әйелім бар. Қыз-жігіт болып жүрген кезіміз еді. Қашайын десем оны тастап кете алмадым. Сондықтан жаңағы адамдар мені қатты ұрып тастады. Қабырғаларым көтерпей қалды. Бет-ауызым іскен. Ұрды дағыны бір жерге апарып тастай салды. Ақырын басымды көтеріп қарасам, тура әйелімнің алдына тастаған екен. Оны да ұрыпты. Бір көзі көгеріп ісіп кеткен. Сондағы ең сорақы көрініс – машиналарға адамдарды тиеп жатқаны. Жанымызда жатқан адамдарды аяқ-қолдарынан ұстап машинаға лақтырып тастап жатты. Ішінде мүмкін өлмей, есінен танып қалғандары да бар шығар. Бірақ соған қарамай адамдарды арта бастады. Кейін мен «Караван» газетіндегі мақаладан «жерді кранмен қазып, бір топ адамның бәрін көміп тастаған» деген сұмдық оқыдым. Естіген тағы бір сұмдық – сол адамдарды машинаға артып таудың басына апарып, киімдерін шешіп алып, үстеріне су шашып тентіретіп жіберген екен. Өліп қалғандары көп шығар, әрине. Бірақ, сондай сәттен аман-есен қалаға жеткендері де бар деп естідім.

Әйелі Анармен. 1985 жыл

– Содан кейін не болды?
– Бізді апарып қамап тастады. Таңға таяу менің жүрегім қысыла бастады. Себебі жүрек тұсымдағы қабырғам сынған екен. Сондай себептен есімнен танып қалғанмын. Мені ауруханаға жеткізіпті. Басым ісіп кеткені соншалық, айтып жеткізе алмаймын. Көзім де қатты іскендіктен жұмылып қалған. Ештеңені көрмеймін. Бір ай бойына көзім көрмей жаттым. Адамдар сүйеп тамақ береді, әжетханаға да сүйеп алып барып, төсегіме сүйеп жатқызады. Көзім ашылмай қалды. Біраз уақыттан кейін біреулер келіп мені сұраққа тарта бастады. Бір айдан кейін ауруханадан шықтым. Ауруханадан шығып, үйге барған соң сол адамдар мені үйден келіп алып кетті. Үйде жалғыз отырған едім. Ешкімге хабарластырмай екі қолымды қайырып, бірден алып кетті. Сол отырғаннан 18 күн жертөледе қамауда болдым. Мендегі жалғыз мақсат – алаңға шыққанымды мойындамай, осы бір тозақтан құтылу еді. Мойындату үшін 18 күн ұрып-соқты. Аямады, екпесін де салды. Бірақ берілмедім. Қанша ұрса да мойындамай қойдым. Спортпен айналысамыз. Денеміз шымыр. Сондықтан да соққыға төздік. Нәтижесінде 18 күннен кейін босап шықтым. Бірақ сол 18 күннің өзі, құдай сақтасын, тозақ сияқты өтті. Дәл сондай жағдайды мен ешкімге тілемес едім.

– Дегенмен, алаңғы шығуыңыздың сізге зардабы болған шығар мәселен, оқуыңызға әсері болды ма?
– Қамаудан босатылғаннан кейін сабаққа келдім. Бірақ оқудан да қудаланған екенбіз. Сол көтеріліске қатысушылардың біразы оқудан қудалауға түсті. Арасында мен де болдым. Осылайша 2-курстан қуылып дипломсыз қалдық. Сондағы көргенім – әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Мен 18 күн қамауда жатқан кезде күніне 3-4 рет сұрақ-жауапқа тартатын. Сонда астындағы камерада бір жігіт жатты. Екі қолынан екі жаққа керіп байлап салған. Бет-ауызын қып-қызыл қан жауып кеткен. Ол бір сөзді қайталай береді. «Ей, Серік, сен қазақсың ғой. Сенің қаның қазақ деп ағып тұр ғой» деген сөздерді қайталай береді. Кейін адамдардан «ол неге бұлай» деп сұрасам, «Оның басы істемей қалған. Егер қолын жіберсек, басын дуалға ұра береді. Сондықтан есінен алжасып, осылай боп қалған» деп айтты. Бірақ мұның қаншалықты рас-өтірігін білмеймін. Шынымен өзінің басын өзі ұрды ма, әлде керісінше біреулер ұрды ма, ол жағы енді анық белгісіз. Бір күн солай тұрды. Содан кейін ол жігіт жоқ боп кетті. Өліп қалды ма, әлде өлтіріп тастады ма, ол жағы да білгісіз.

– Алаңға шығар алдын бойларыңызда қандай да бір қорқыныш, үрей болды ма және бұл жағдайдан отбасыңыздың хабардар ма еді?
– Мен өзімді айтайын. Алаңға шығар алдын «бізді ұрады, қамайды» деген ой мүлдем болған емес. Өз қарсылығымызды білдіруге шыққан адамдармыз. Сондықтан да менің бойымда ешқандайда бір қорқыныш, үрей болмады. Біз күтпеген оқиғалардан аспанда ұшып жүрген сияқты болдым. Өйткені, алдымыздан күтпеген жағдай қарсы алды. Адамдар зардап шекті. Менің бұл оқиғаға қатысуымнан отбасымның да хабары жоқ еді. Сол уақыта біздің үлкен қызметтегі туысқандарымыз да болды. Олар мен ауруханада жатқанымда менің жағдайымды сұрап келуге қорықты. Міне, жағдайдың қаншалықты қиын болғанын осыдан-ақ аңғаруға болады.

– 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз тәуелсіздігін жариялады. Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет болды. Сол сәтте сіз қайда едіңіз? Мұны қалай қабылдадыңыз? Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі өміріңіз қалай болды?
– Сол сәтте керемет сезімде болдым. Тәуелсіздік алу деген – әрбір халықтың жылдап күтетін қуаныштарының бірі. Біз оқудан қуылып, қолымызда диплом жоқтығынан, жұмыс табу өте қиын болды. Бірақ спортпен айналысқан жігіттерміз. Студент кезімде күреске қатысатын едім. Сол 1990 жылдары спортпен айналысқандардың барлығы білегімізде күшіміз болғандықтан, көшеге кеттік. Саудагерлердің жақсы жұмыс істеуін, оларға біреу-міреу тиіспеуін қадағаладық десем болады. Бұл салада 2000 жылға дейін жүрдік. Содан кейін жасымыз келе бастады. Бала-шаға бар. Елдің жағдайы да оңала бастады. Сонымен бұлай жүргеніміз ұят болар деп қызметке кірдік.

– Қазіргі күнге ойысайық. Бүгінде немен айналысасыз, желтоқсаншылардың тізімін жасап жүргеніңізді, соларға куәлік алып беретініңізді естіді. Осы жайлы тарқатып айтып беріңізші?
– Қазіргі таңда «Патриоттық қозғалыс, желтоқсан ақиқаты» республикалық бірлестігінің Шымкент қаласы және Түркістан облысындағы филиалының төрағасымын. Кез келген мемлекетте қандай жұмыс істесең де дәлел керек қой. Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың қатарында «ақталған» деген қағазы барлары өте аз. Қала және облыс бойынша жинасақ, он шақты ғана адам болатын шығар. Ал «қатысқан» дегендері 300-ден асып жығылады. Кейбір адамдар қатыспаса да қатыстым деп өтірік айтып жатады. Бірақ нақты оларды дәлелдейтін жолдары бар. Бұл үшін Алматы қаласынан үш архивтен анықтама алып, сол анықтамаларды бас прокуратураға өткізу керек. Олар өздері қарап, дәлелденсе ақталған анықтамасын береді. Калада маған келген азаматтарға бір жылға куәлік беремін. Сол бір жылдың ішінде толық анықтаманы алудың жолдарын көрсетемін. Бірақ маған жылдан асса да толық ақталып келгендер жоқ. Осыдан «қатыстым» деп өтірік айтатындардың көптігін білуге болады. Ең сорақысы «осы көтеріліске қатыстым», «сол уақытта ауруханаға түстім» деген анықтамаларды ақшамен сатып алып жатқандар да бар. Бұл дұрыс емес. Керісінше өзінің қатысқанын дәлелдей алмай жүргендер де жетерлік. Біз осы нағыз қатысушыларды ақтап алу үшін барымызды салып жатырмыз.

– «Алаңға шығып, соққыға жығылғандар болған, оларды жалаңаш күйінде суыққа жатқызған» деп айтады. Олар денсаулығынан айырылды ғой сондай жандарға қандайда бір мемлекет тарапынан көмек бар ма? Яғни, желтоқсаншының әлеуметтік мәртебесі бар ма?
– Желтоқсаншыларға арналған әлеуметтік көмек жоқ. Дегенмен отыз жылдыққа 150 мың теңге бір реттік көмек берілді. Тек Алматының қатысушыларына. 2016 жылы еліміз бойынша барлық желтоқсаншылар Алматыға жиналды. Бірақ шымкенттіктерге берген жоқ. Осы тұста «біздің өңір-қаламызда желтоқсан оқиғасына қатысушыларға арасында осылай көңіл бөлінсе артықшылығы жоқ» деп ойлаймын. Бұл оларға керемет көмек болып кетпейді әрине, дегенмен сол күн ескеріліп жатыр деген сөз. Осы төңірегенде арнайы хаттар жолдап жатырмын. Желтоқсанға қатысушылар ол көтеріліске қандай да бір ақша алып немесе бұйрықпен барған адамдар емес. Олар нағыз қазақ тағдырын, жағдайын, болашағын уайымдап соған жүрегі жылап, жаны ауырған адамдар. Сондықтан да олар деңгейіне қарай ескерілсе жақсы болар еді. Әлі күнге дейін қазақ елінің тәуелсіздігін алып беруге бірден-бір ат салысқан адамдардың жөнді ескерілмей келе жатқаны дұрыс емес. Сол кезде үш күннің ішінде алаңға 70-80 мыңға жуық адам шықты деп ойлаймын.

– Шымкентте алаңға шыққандар бас қосып тұрасыздар ма, сол оқиғаның символы ретінде санайтын орындарыңыз бар ма?
– Шымкент қаласында сол Қайрат Рысқұлбековтың кішкентай ғана тақтайшасы бар. Қайрат Рысқұлбеков көшесінде орналасқан. Сонда барып, желоқсанға қатысушылар бас қосып, гүл қойып, парызымызды өтейміз. Ал, жалпы біздің филиалдың кішкентай офисі бар. Сол жерде жиі жиналып, бас қосып тұрамыз. Біздерді осы 16 желтоқсан жақындағанда барлық мекемелер іздей бастайды. «Сол кезде кім қайда барады» дегенді ақылдасып, өз арамыздан келісіп, шешім қабылдап отырамыз. Тәуелсіздіктің символы ретінде мереке кезінде ғана емес, жиі-жиі барып тұратын бір жеріміз болса, нұр үстіне нұр болар еді. Мұны айтып жатқан себебім, қазіргі жастардың арасында желтоқсан оқиғасына қатысушылар тұрмақ, сол оқиғаның не екенін білмейтіндер көбейіп барады. Бұл – тарих. Оны Ұрпағымыз ұмытпау керек. Егер сондай бір арнайы ескерткіші бар аллея сынды орындар болса, тым болмаса соның жанына барғандар өткеннен хабардар бола алар еді. Біздің филиал қазір өткенді ұмыттырмау мақсатында жұмыстар жасап, кездесулер ұйымдастырып жүрміз. Біз тіпті жоғары және орта оқу орындарына шақырса да шақырмаса да барып жүрміз. Өйткені жастар желтоқсанның не екенін, қалай болғанын білу керек.

– Желтоқсанға қандай баға берілу керек деп санайсыз?
– Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың деңгейін жазықсыз қуғын-сүргін құрбандарымен теңестірсе артық етпейді. Бізге де мемлекет тарапынын аз да болса да жеңілдіктер көрсетілсе деген тілегіміз бар. Өйткен желтоқсан оқиғасында алаңға шыққандар олар – нағыз қазақ үшін жанын беруге дайын болған адамдар. Совет одағының тарауына бірінші себепші болған осы желтоқсаншылар. Сол кездегі Кеңес үкіметінің құрамындағы 15 мемлекеттің барлығы осы оқиғадан соң тәуелсіздігін алды. Сондықтан да осы азаматтарға лайықты мәртебесі беріліп, лайықты құрмет көрсетілетін уақыт келді. Қатысушылардың ең жасы 55-тен асты. Алды 60-70-терде. Енді бұл статус қашан берілетініне таңым бар. Осы жағдайды біз үкіметтен сұранамыз. Сол кездің зардабын шегіп ауру болып қалған азаматтарымыз қаншама. Осындай жандардың еңбегі еленгені жақсы ғой. Үкімет осыған бір назар аударатын кез келген сияқты.

– Осы кезге дейін желтоқсаншы ретінде қандай сый-құрмет көрдіңіз?
– Желтоқсанның 30 жылдығында арналған медальді сол кездегі қаламыздағы аудан әкімдерінің бірі өзінің кабинетке кіргізіп ешкімге білдірмей жасырып берді. Атын атамай-ақ қояйын. Енді соны халықтың алдында да беруге болатын еді. Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескен жандарға солай жасырып кеудемізге таққаны бізді қынжылтты. Біз «осы бір сәтті ел алдында неге жасамадыңыз» деген кезімізде «бізге осылай айтылды» деп кешірім өтінді». Оған берілген тапсырма да сондай болған болса керек. Енді ондайға не істей аламыз?

– Алда келе жатқан тәуелсіздік мерекесіне айтар тілегіңіз болса, мархабат.
– Құрметті қазақстандықтар! (желтоқсаншылар!)
Сіздерді Республикамыздың әр азаматы үшін айтулы – Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтаймыз! Қазақстандықтар алмағайып өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік аренаға көтерілді. Бұл күн ата-бабаларымыздың арманы жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған ұлы күн. Бабаларымыздың ғасырлар бойы армандап өткен Тәуелсіз ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған ұлы бақыт. Әр ұлт, әр халық үшін Тәуелсіздіктен артық қымбат ешеңе жоқ. Жаңа ғасырда қайта түлеген, жасарып, жаңғырған еліміздің Тәуелсіздігі тұғырлы болғай!

– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет.

Сұқбаттасқан – Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат» газеті, №50 (12 желтоқсан, 2018 жыл)

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті