Ауыл оқушыларына шетелде оқуға мүмкіндік бар

620

Аружан Мамыр – Төлеби ауданына қарасты Ақбастау ауылының тұрғыны. Қазір «Ақбастау» жалпы орта мектебінің 9-сыныбында оқиды. «Жоғары оқуды қайда оқимын?» деген сауалына жауабы дайын. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің біріндегі дүние мойындаған мықты университетінде кәсіби білім алып, сұраныстағы маман атану. Міне, бүгін оны сол арманына жақындатар жақсы мүмкіндік туып отыр.

– Шетелде білім алғым келеді. Бұл үшін ағылшын тілін білуім шарт. Ауылда қаладағыдай қаптаған тіл үйрету курстары жоқ. Қайта-қайта қалаға қатынау да қиын. Жол қашықтығы, уақыт жоғалтумен қатар қалтаға салмақ салатыны тағы бар. Осының бәрін ойлай келе, шетелде оқу арманым алыстағандай көрінетін. Бірақ, міне арманыма жетелейтін «iQanat» байқауы туралы туған-туыс, дос-жарандарымнан естіп, қатысуға келіп отырмын. Шынымды айтайын, қуанышымда шек жоқ! Олимпиаданы ұйымдастырушыларға, қаржылай демеушілік көрсеткен меценаттарға алғыстан басқа айтарым жоқ,-дейді Аружан Мамыр.
«iQanat» ауыл балаларына білім беру бағдарламасының іріктеу кезеңі Төлеби ауданында да өтті. Олимпиадаға ауданға қарасты ауыл мектептерінде оқитын жоғары сынып оқушыларының 40%-ы қатысып отыр. Бәрінің мүддесі бір. Олимпиадаға қатысып, білімдерін тереңдетіп, отандық және шетелдік беделді жоғары оқу орындарының білім грантын иелену.
Байқаудың ашылу салтанатында жобаның қаржылай демеушісі «SHYMKENT PLAZA» ойын-сауық-сауда орталығының директоры Марат Қалдыбаев сөз алып, үміткерлерге жылы лебізін білдірді.

– Негізінде «SHYMKENT PLAZA» ойын-сауық-сауда орталығы барлық жастарға қатысты бағдарламаларға қолдау көрсетіп, демеуші ретінде қатысып жүреді. Өйткені, жастар – еліміздің ертеңі. Мемлекетімізді келешекте дамытатын негізгі күш. Жастар – біздің қоғамымыздың белсенді бөлігі. Ал «iQanat» жобасына келсек, жастарды, әсіресе ауыл жастарын алға жетелеу, дамыту жолында ұйымдастырылуы – қаржылай көмек көрсетуіміздің басты себебі болды. Бір айта кетерлігі, үміткерлер олимпиадаға қатысу үшін ешқандай да ақы төлемейді. «iQanat» – жай ғана олимпиада емес. Әрбір қатысушы мектеп бітіргенше бақылауымызда болып, шет тілдерін меңгереді, дүниетанымын арттырады. Бұған қоса, еліміздің беделді жоғары оқу орындарымен танысады,-деді ол.
Мұның алдын бір жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының ауылдарындағы мектеп оқушылары арасында апробациядан өткен байқау оң нәтижесін беріп, биыл тұңғыш рет республикалық деңгейде өтіп жатыр.
Аталған бағдарламаның олимпиадасына Түркістан облысындағы 13 ауданның ауыл мектептерінің 9-сыныбында оқитын 4860 оқушы қатысады. Бұған дейін Келес, Сарыағаш, Созақ, Ордабасы аудандарында өткізілген олимпиадаға ауданның 9-сынып оқушылары қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиада енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Әр облыста аталған жобаға қаржылай демеу көрсететін меценаттар бар. Түркістан облысының жастарына қамқоршы болып, қаржы бөліп отырған «SHYMKENT PLAZA» ойын-сауық-сауда орталығының басшылығы.
Олимпиадаға қатысушылар физика, математика, ағылшын тілі және әдебиет пәндері бойынша білімдерін сарапқа салды. Осы төрт пәннің ішінен біреуін не екеуін таңдап, берілген тапсырмаларды орындайды. Бұған үш және бес сағат уақыт беріледі. Қатысушылардың арасынан шектік ұпайы жоғары 25% үлесі екінші кезеңге жолдама алады.
Олимпиаданың екінші кезеңі мамырда өткізіледі. Сондағы білім додасына түсетін олимпиада қатысушыларының ең үздіктері жеңімпаз атанады. Қорытындысы маусым айында Назарбаев университетінде өтеді. Мұнда да жастарды күтіп тұрған тосынсый жетерлік. Осы байқаудың жеңімпаздары үшін ұйымдастырылған арнайы форумға қатысады. Онда олар әлемнің жетекші оқу орындарының өкілдерімен танысып, сауалдарына жауап алады.
Сондай-ақ форум аясында «IELTS» тестілеуіне де дайындық жүреді.
Ең маңыздысы, қатысушылардың қалтасына ешқандай салмақ түспейді. Астанаға бару-келу жол шығыны, жатын орны, тамақтану шығындарын қаржылай демеуші «SHYMKENT PLAZA» ойын-сауық-сауда орталығының әкімшілігі төлейді.
«iQanat» бағдарламасының биылғы олимпиадасына қатысу үшін құжат қабылдау аяқталды. Дегенмен, қазір мектептің 8-сыныбында оқитын оқушыларға, олардың ата-аналары мен ұстаздарына құлаққағыс!
Байқауға келер жылы да қатысуға болады. Қажет құжаттар, өтінім қабылдау және тағы басқалай сұрақтардың жауабын «iQanat» ауыл балаларына білім беру бағдарламасының сайтынан біле аласыз.

АНЫҚТАМА:
«iQanat» бағдарламасының web-сайты: www.iqanat.kz

Меруерт АХАН

«Оңтүстік Рабат» газеті

№51, (431) 19.12. 2018 ж.

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде 

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті