Биыл Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 2 га жер аумағында жылдам пісірілетін кеспе шығаратын зауыт өндірісін кеңейту бойынша ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды.
2018 жылдың қараша айында зауыттың бұрынғы иесі — қазақстандық кәсіпкер мен Непал елінің тұңғыш миллиардері Бинод Чоудхариге тиесілі «Chaudhary Group» (CG Global) корпорациясы арасында зауытты сатып алу туралы келісім жасалды. Мәміле аяқтағаннан кейін жаңа компания қажетті жабдықтарды орнатып, екінші өндірістік желіні салу жұмыстарына кірісті.
«CG Global» корпорациясының еншілес кәсіпорны «CG Foods Central Asia» компаниясы 2019 жылдың наурызында өндірісті іске қосып, жылына 1100 тонна өнім шығаруды жоспарлауда.
Кишор Лодха, «CG Foods Central Asia» компаниясының бас директоры: «Түркістан облысында бастапқы кезде өнімнің 10 түрін шығаруды көздеп отырмыз. Барлық өндірістік технологиялар еуропалық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Зауыт жанынан тағы жаңа цех саламыз, онда кеспеге арналған арнайы дәмдеуіштер шығарылады».
Өнім дайындауда отандық шикізат: ұн, тұз, қант, сары май және басқа компоненттер қолданылады. 70% — жергілікті шикізат, 30% — Малайзия, Сингапур және Үндістаннан алынған шикізат. Кеспе 2019 жылдан бастап Орталық Азия елдеріне экспортталады.
Баян Каюпова, «Түркістан» ӘКК» АҚ филиалы «Turkistan Invest» компаниясының сыртқы байланыстар жөніндегі басқарушы директоры: «CG Foods Central Asia» компаниясы Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сынды елдерде сатылым нарығын қалыптастырған, сонымен қатар, корпорацияның өнімі Үндістан нарығының 60% -ын қамти алады. Әлеуетті тұтынушылар саны шамамен 200 миллионға жуық адамды құрайды, бұл – өте үлкен көлемді нарық. Түркістан облысында кеспе «Wai-wai» брендімен шығарылады, ол тай тілінен аударғанда «тез-тез» деген мағынаны білдіреді. Жергілікті тұтынушылар үшін өнімнің маңызды тұсы – барлық өнім халал болады.
Инвестициялық жобаны қолдау аясында «TURKISTAN INVEST» компаниясының ұжымы инвесторлар үшін барлық қажетті жағдайларды жасады. Құжаттарды дайындаудан бастап жерге қатысты, техникалық және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге дейін бір терезе қағидасы бойынша қызмет көрсетуде. — Жобаны іске асыруда жергілікті биліктің көмегі өте үлкен, сол үшін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мырзаға, сондай-ақ, әкімнің орынбасары Ербол Тасжүреков мырзаға алғысымды білдіргім келеді. Әрқайсысының қабылдауында болдым, әрдайым менімен байланыста, жоба барысында туындаған мәселелер тез арада шешілуде. Бұл мен үшін үлкен құрмет. «TURKISTAN INVEST» компаниясының ұжымы барлық қажетті құжаттарды дайындауда кəсіби біліктілігімен ерекшеленді. Шынымды айтсам, шетелде жүргенім сезілмейді, берік серіктестер, тіпті достар секілді болып кеттік. Бизнесте ең басты дүние бұл – сенім, ол адал серіктестік құруда және оны ары қарай сәтті дамытуда өте маңызды, — деп «CG Foods Central Asia» компаниясының бас директоры Кишор Лодха өз кезегінде облыс әкіміне алғысын жеткізді. Жоба аясында 100-ден астам жұмыс орны құрылады, осыған орай жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту жоспарлануда.
«CG Global» корпорациясының иесі Бинод Чоудхари 2013 жылы Forbes тізіміне енген. Әлемнің 30-дан астам елінде 11 түрлі бағытта жұмыс істейтін 80 компаниясынан құралған (6 мың қызметкер) империяны құру үшін оған 40 жыл қажет болды. Бүгінде оның байлығы $ 1,5 млрд.құрайды.
«Түркістан» ӘКК» АҚ филиалы ТІ инвестициялық компаниясының баспасөз қызметі