Баласы сынаптан уланған ата-ана қоғамдық денсаулық сақтау саласы өкілдеріне шағым түсірді

81

Баласы сынаптан уланған ата-ана бүгін қоғамдық денсаулық сақтау саласы өкілдеріне шағым түсірді. Санитар дәрігерлер баладан да, анасынан да биосынамалар алды. Ал баланың әкесі сүт қоспасынан табылған сынапты беруге асығар емес дейді сала мамандары. Соған қарамастан дәрігерлер сараптама жұмыстарын жүргізуге қызу кіріскен.

Болған жәйтке санитар-дәрігерлердің емес, алдымен тілшілердің назарын аударуға асыққан ана мекемеге бүгін ғана шағымданыпты. Анадан да, баладан сынама алған мамандар қазір тексеру жұмыстарын қолға алған. Алайда оның қорытындысы туралы қандай да бір түсініктеме беруге ерте дейді арнамызға эксклюзивті сұқбат берген департамент басшысының міндетін атқарушы.

Арапкүл Ізбасарова, Шымкент қалалық денсаулық сақтау департаменті басшысының міндетін атқарушы: «Баланың жағдайы жақсы. Қазір қосымша тексерулер жүріп жатыр. Қорытындысы шыққанда хабарлайтын болады».

Айта кетейік, күні кеше асқазанынан сынап шыққан баланың оқиғасы елдің зәресін алған-ды. Анасының айтуынша, қауіпті зат баланың ішіне тамақпен түсуі мүмкін. Өйткені, сәбиге соңғы кездері дәріханадан алған құрғақ сүт қоспасы берілген. Маржан Сманова екі айлақ баласы әлсіреп, толассыз құса берген соң, 29 қараша күні ауруханаға түседі. Әуелде белгісіз заттың бала ішіне қалай түскенін дәрігерлер де, ата-анасы да білмей дал болған. Тек екі күннен соң, сұйық металдың қайдан келгені анықталды.

Еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бүгін балаларға арналған сүт қоспасынан сынаптың табылуына қатысты түсінік берді.

Жандарбек Бекшин, ҚР Бас санитар дәрігері: «Біз қазіргі уақытта бұл жағдайға толық тексеру жүргізіп жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, Шымкент қаласында екі айлық нәресте ауруханаға түсіп, ол «Humana» сүт қоспасын тұтыну барысында оның ағзасына сынап түскені белгілі болды. Ол сәби бұған дейін дәл сол ауруханада өкпе қабынуынан емделген. Ана сүтін емуіне қарсы тағайындаулар болғандықтан, оған балаларға арналған «Humana» сүт қоспасы белгіленген. Бұл өте танымал неміс бренді».

Санитар дәрігерлер «ағымдағы жылы балаларға арналған сүт қоспасының 58 сынамасына тексеру жүргіздік. Олардың ешқайсысынан сынап секілді бөгде зиянды заттар анықталмаған» деп отыр.

Қазір ата-ананың аталған сүт қоспасын жеке дәріханадан сатып алғандығы белгілі болды. Алайда баланың әкесі сүт қоспасынан табылған сынапты табыстаудан бас тартып отырғанын айтады.

Мақпал Рысбаева