Дәрігерлер жемқорлыққа қарсы акцияға қатысты

392

9-желтоқсан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты ұйымдарда «Адал апта-Ісіңе адал бол!» атты акция өтті.

Шара барысында емдеу мекемелеріндегі қызметкерлерге сыбайлас жемқорлықтың алдын- алу және пара алу, пара беру сынды тақырыптар жөнінде баяндама оқылды.

Акция барысында медицина мамандары емдеу мекемесіндегі қызметке жүгінген пациенттерге цифрландыру жүйесі бойынша жүзеге асатын қызметтерді толыққанды түсіндіріп берді.

Мекеме басшылығы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға электронды қызметтердің септігі зор деп есептейді. Өйткені сандық жүйедегі қызметтер арқылы азаматтар уақытты үнемдей отырып медицина қызметкерінің көмегінсіз қажетті қызметті ала алады.

«Біз барлық азаматтарды мобильді қосымша арқылы тіркетіп, смартфон арқылы қызмет алуға түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Мобильді қосымшасы қабылдауға жазылуға, үйге дәрігерді шақыртуға, еңбекке жарамсыздық парағын қадағалауға мүмкіндік береді. Яғни, азаматтың өзі дәрігердің көмегінсіз ауырғаны жөнінде анықтама қағазды және қабылдауға уақытылы кіруді ең бастысы медицина маманын өзінің смартфоны арқылы үйіне шақыра алады. Мобильді қосымшадағы пациенттердің барлық өтінімдері ашық көрініп тұрады. Әрі оның дер кезінде орындалуы қадағалап отырамыз» дейді емхана басшылығы.

Айта кетейік, медициналық ұйымдарға жұмысқа тұрғысы келген азаматтар үшін денсаулық сақтау басқарамасы ашық әрі қолайлы жағдай жасауда. Нақтырақ айтқанда, Шымкент қаласындағы аурухана мен емханаларда жұмысқа тұру тәртібі туралы көрнекті жазбалар орнатылған. Бұл көрнекті жазбаларда жұмыс іздеп жүрген азаматтар үшін барлық қажетті ақпарат қамтылған.

Сондай-ақ, азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенім деңгейі мен мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттыру, әкімшілік кедергілерді жою мақсатында және Құқық қорғау қызметтері орталығының жұмысын насихаттау үшін Орталықтың қызметі туралы түсірілген бейне роликті Шымкент қаласында орналасқан медициналық ұйымдардың теле экрандарында көрсетіліп келеді.

Лаура Нақыпқызы