Шырша тойда 200 балаға ноутбук сыйлады

330

Еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жаңа жылдық шыршасы өтті. Шыршаға ерекше қамқорлықты қажет ететін, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары, сондай-ақ, дарынды шәкірттер шақырылды. Мемлекет басшысы бүлдіршіндерге арнап арнайы видеоүндеу жолдады. Түркістан облысының орталығында өткен шырша тойына 200-ге жуық оқушы жиналды.

Түркістандағы жаңа жылдық шыршаны тамашалауға қызылды-жасылды костюм киген жүздеген бала жиналды. Ойын-сауық бағдарлама көңілді аниматорлар, ұлттық ән мен дәстүрлі би ансамбльдерімен толықты. Сондай-ақ, көңілді топтың ажарын Аяз ата мен Қарша қыз толтырды.

Жаңа жылдық шыршаға облысымыздағы ерекше қамқорлықты қажет ететін, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары мен оқу озаттары, сондай-ақ, дарынды шәкірттер шақыртылған. Мемлекет басшысы бұл бүлдіршіндерге арнап видеоүндеу жолдады. Сондай-ақ, Сиқырлы ертегілер әлеміне саяхаттың биылғы жылғы өз ерекшелігі де бар.

Ардақ Садықова, облыстық білім басқарамасы басшысының орынбасары: «Түркістан облыс орталығы болғаннан бері алғаш рет өткізіліп отырған жаңа жылдық кешіміздің биылғы жылғы ерекшелігі сол — біз қазақ батырлары мен хандарының көріністерімен бастадық. Бұл арқылы кішкентайларымыздың патриоттық сезімдерін арттыруды көздедік».

Жаңа жылдық шырша шаттығы мұнымен де таусылған жоқ. Өңір басшысы Елбасының атынан балаларға арнайы сыйлықтар салынған сөмкелерді табыстады. Оның ішінде қысқы киімдер, ноутбук, ойыншықтар мен тәттілер бар. Сондай-ақ, облыс басшысы жаңа жыл қарсаңында дәл осындай 1500-ге жуық балғынға арнайы сый-сияпаттар табыстаған.

Айя Мүтәлі