inform.kz

ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі таратушыларға қатысты қатаң жазаны қолдану керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Есірткімен күрес мәселесі өте өзекті тақырып. Есірткіні таратушыларға қатысты сенаторлар сот әрі қылмыстық қудалау тәртібін күшейтуге күш салуы керек. Осы орайда, қылмыскерлерді өмір бойына бас бостандығынан айыру жауапкершілігін немесе одан да қатаң жазаны қарастырған жөн болар. Өйткені бұл мәселе мемлекеттің ұлтық мүдделерімен шектесіп тұр. Сондықтан осы заңсыз әрекеттер лаңкестік іс-қимылдарға теңестірілуі мүмкін», – деді Қ. Тоқаев Сенаттың жалпы отырысында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын екі оқылымда қабылданды. Осыған дейін, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов синтетикалық есірткілер қай елдерден жеткізілетінін айтқан болатын.