«Қапланбек-авто» өткізу бөлімшесінде есірткі затын жұтып алып, шекарадан өтпек болған өзбекстан азаматы қолға түсті, деп хабарлайды ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.
«Сарыағаш шекара отрядының «Қапланбек-авто» өткізу бөлімшесінде шекарашылардың есірткі заттарын іздеуге арнайы үйретілген қызметтік иті өз еліне қайтып бара жатқан 48 жастағы өзбекстандықтың жанынан, тексеру барысында оның қол жүгі мен қалталарында есірткі заттары табылмаса да айналсоқтап шықпай қойды. Амалы таусылған өзбекстандық ақырында марихуана есірткісі оралған түйіншекті тексерудің алдында жұтып алғандығын мойындады» делінген хабарламада.
Мәліметке сай, кейін оның сөзінің шын екендігі дәлелденіп, айғақ ретіндегі салмағы 13,5 граммға жуық есірткі затымен бірге Сарыағаш аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды.