Елімізде де сауда-саттық бизнесін бастау үшін базардан арнайы орын жалдап, алдын ала көп тауар әкеліп, шығындалудың орнына инстаграм арқылы зат сатып, тауарын жарнамалау кеңінен тарала бастады. Әйткенмен, сырт көзге оңай көрінетін инстаграм сауданың да көп біле бермейтін қиындықтары жетерлік. Сонымен инстаграм сауданың қыр-сырына танымал SMM маманы Алмас Нақыпбек әңгімелесе, мұндай бизнестің салық төлеу тәртібі, заңды ресімделу жағын Шымкент қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары түсіндіріп берді.
«Әлеуметтік желіде табыс табу» деген не?
Алмас әңгімесін әлеуметтік желіде табыс табудың не екенін түсіндірумен бастады. Айтуынша кез-келген кәсіп бастаушы мұның жауабын білуі тиіс. Қазіргі интернет қолданушылары арасында Инстаграмның өте танымал екенін айтқан ол осы әлеуметтік желіде табыс табудың түрлеріне де жеке-жеке тоқталды.
– «Әлеуметтік желіде табыс табу» дегеніміз халыққа өз тауарын сату, қызметін ұсыну арқылы адамдарға көмектесу болмақ. Бизнестің де негізгі мақсаты адамдардың мұқтаждықтарын жабу арқылы ақша табу болса, әлеуметтік желі де бұдан қалыс емес. Инстаграм қазір өте танымал желі. Бәріміз инстаграмды қолданамыз. Инстаграмда табыс табудың үш түрі бар. Біріншісі, сіз топты белгілі бір аудиторияға дейін өсіресіз. Яғни, бірнеше жүз мыңға дейін делік. Оның жақсы бір мысалы «Dudoser» деген канал бар. Алдымен жазылушы санын өсіргеннен кейін сонда жарнама сатасыз. Екінші жолы өз қызметіңізді адамдарға ұсынасыз. Мәселен SMM маманы болсаңыз, қызметіңізді ұсынасыз. Тырнақ бояп, шаш жасайтын шебер болсаңыз, өзіңіздің маман екеніңізді көрсететін посттар жазу арқылы қызмет ұсынасыз. Үшінші жолы, тауар сату. Тауарыңыздың жарнамасын жасап, оны сипаттап, бағасын көрсетіп, халыққа ұсынасыз. Осылайша ақша табасыз,-дейді Алмас Нахыпбек.
«Инстаграмда саудасы жүрмейтін тауарлар да бар»
Осы тұста Алмас инстаграмда барлық тауар түрлері сәтті сатыла бермейтінін де айтты. Инстаграм арқылы табысқа кенелуге болатын тұстарын да жасырмады.
– Инстаграмда барлық тауар түрлерін сатылымға шығара алмайсыз. Мысалы инстаграмда цемент, трактор сияқты заттарды сата алмайсыз. Тек белгілі салаларды ғана қамтуға болады. Балалар киімдері мен балаларға қажетті заттар, қазіргі кездегі ең сәтті өтетін әйел киімдерін сатуды айтсақ болады. «Майда-шүйде» дейміз ғой. Бірақ, осындай заттарды әлеуметтік желі, соның ішінде инстаграм арқылы сату өте жоғары деңгейде дамып келеді. Мұның мәні инстаграмда сауда жасап бастап, өзіңізді де саудаңызды сынап көру үшін, бастапқы капитал өте аз кетеді,-деді Алмас.
Инстаграмда бизнес бастаудың тиімділігі
Тәжірибелі маман инстаграмда бизнес бастау үшін өзіне сенімділік жетіспейтін азаматтарға кеңес беріп, тиімді тұстарын та тәптіштеді.
– Бәріміз білетіндей, бизнес бастау үшін ең алдымен қаражат керек. Мысалы оффлайн сауда болса, базардан орын аласыз. Жалдау ақысын алдын-ала төлеп қоясыз. Ақша кетті. Сататын тауарды сатып аласыз не реализацияға аласыз. Тағы да ақша кетті. Орныңыздың өтімді немесе өтімді емес екенін тексересіз. Бұған да біраз уақыт шығындалып, қаржы жұмсалады. Ал инстаграмдағы сауда сіздің бастапқы шығындарыңызды үнемдеуге таптырмас мүмкіндік. Бар-жоғы инстаграмда парақша ашып, сосын көтерме сататын адаммен кездесу. Тауарларды суретке түсіріп, пост жариялау және жарнамаға ұзаса 10 мың теңге шамасында ақша жұмсап, тауарыңыздың қанша уақытта өтімді болатынын тексеріп көресіз. Осылайша өте аз ақша жұмсай отырып, қандай тауарлардың өтімді екенін білесіз. Инстаграмда сауда бастайтындардың көбінде ақша жоқ болады. Ақшасы бар болса бірден үш-төрт саланы зерттеп көрулеріне кеңес беремін. Арасында екі аптадан төрт саланы зерттеу арқылы халықтың сұранысы қайсысына көбірек екенін білуге мүмкіндік бар.
«Жарнама жасау мен дұрыс жарнама жасау – екі бөлек нәрсе»
Маман Шымкенттегі интернет дүкендерінің жарнама жасай білмейтінін айтады. Сауатты жарнама жасайтындар жоқтың қасы. Әлеуметтік желі арқылы бизнес бастаушылар ең алдымен парақшасының сауаттылығына назар аударуы шарт.
– Күнделікті байқап жүрміз. «Жарнаманың жөні осы екен» деп артық кетіп жатады. Спам да жасайды. Тіпті арасында жекеге де шығып жазады. Дұрыс жарнама жасау үшін алдымен клиентіңізді зерттеңіз. Ол әйел адам ба, ер адам ба? Қайда жұмыс істейді, жасы нешеде, шамамен қызығушылығы қандай, қандай түстерді ұнатады? Осындай себептерге байланысты сіз оған контент ұсынасыз. Сол сауалдарға жауап тапқаннан кейін соған қарай клиентіңізге ұсыныс жасайсыз. Мәселе, екі зат сатып алып, үшіншісін тегін алыңыз деген сияқты. Бізде инстаграм арқылы зат алатындардың дені – әйелдер қауымы. Сондықтан да оларға ерекше тәсіл керек. Жас айырмашылығына байланысты да әйел затының талғамы әртүрлі болады. Мысалы 18 жастағы қыздар түсіне қарай таңдау жасаса, 25 жасында сапасына қарай таңдайды. Ал 40 жасында қажеттігіне қарай сауда жасайды. Сондықтан да әр аудиторияның қызығушылығын анықтай білу керек. Бұған шамалы уақыт пен ақша кетеді. Бірақ бұл алдын ала жалға алу ақысын төлеу мен зат алып қоюдан әлдеқайда жақсы. Аудиториясы үлкен, жазылушысы көп парақшалардағы посттарға пікір ретінде өзінің парақшасын, өз саудасын жарнамалап кетуді бір сөзбен «спам» деп айтамыз. Өте этикасыз жасалған әрекет. Дегенмен бұл тәсіл сол адамның парақшасына халықты тартуға көмектеседі. Бірақ мұндай тәсілмен аудитория жинауды дұрыс деп есептемеймін. Сондай пікірлерді өшіріп, адамның өзін банға жіберген дұрыс. Бірақ сондай адамдар парақша иесінің немесе сол парақшаға жазылған адамдардың ығырын шығарып сізге деген және сіздің саудаңызға деген құрметі жоғалуы мүмкін. Сондықтан адамдарды ақымақ көрмей мұндай әрекеттерден аулақ болған жөн. Оларды дұрыс жарнама жасауды білмейтін немесе жарнамаға ақшасын қимайтын адамдар деп айтар едім. Ал дұрыс жарнама дегеніміз – ең әуелі сауатты дұрыс текст жазу, дұрыс дизайнын жасау және мақсатты аудитория. Мақсатты аудиторияға жету үшін сіз фейсбукқа белгілі мөлшерде ақша төлейсз. Ол сіздің жарнамаңыздың адамдарға көрінуіне көмектеседі. Соны қолдану арқылы сіз аудиторияны дұрыс жасайсыз. Бұл жерде қауіпті жағдай бар. Егер сізді көп адам «спам» деп өшіріп немесе банға жібере берсе, фейсбук сізді белгілі уақыттан кейін өздігінен банға жібереді. Парақшаны да сауатты жүргізу керек. Мысалы тағы да тауар мәселесіне келейік. Сіз бір сауда аккаунтқа жазылдыңыз. Бірақ олар тек тауардың суретін сала береді. Бұл адамдарға қызық болмайды. Тез жалығады. Осы тұста бизнесмендер инстаграмға адамдар тек сауда сатып алу үшін кірмейтінін ескерген жөн. Олар демалу үшін кіреді. Бос уақытын сәл де болсын қызықты өткізуге келеді. Сондықтан аудиторияңызға қатысты анықтаған қызығушылықтарына сәйкес соған сай қызықты ақпараттар беріп отырыңыз. Әзіл де топтама да, қызықты суреттер, тауарыңыздың ерекшеліктерін, оның адамдарға пайдалы тұстарын өз сөзіңізбен әдемілеп жазыңыз. Үйреніп қалған жаттанды сөздерден аулақ болыңыз. Адамдар жасандылық пен жаттандылықтан шаршаған. Сізде сондай жаттанды әрекеттен ерекшелік болу керек. Осындай жағдайларда адамдар ерекшеліктеріңізді байқамай қоймайды. Бірден емес, әрине мүмкін бір апта байқамайтын шығар, мүмкін бір ай. Бірақ әйтеуір бір күні ерекшелік деген нәрсе байқалады. Осылайша сізде өзіңізге өте жақын жазылушыларыңыз пайда болады. Олар қажеттілік болған кезде міндетті түрде басқа парақшаға емес, сізге келеді. Сондықтан аудиторияға өте сапалы контент ұсыну маңызды,-дейді Алмас Нахыпбек.
Салық төлемегендерге келер қауіп
Көпшілікті алаңдататын бір сауал бар. Ол инстаграм желісі арқылы сауда жасайтындардың салық төлемдерін жасау мәселесі. Алмас салық төлемей жүргендеріге алдын-ала қауіпті еңсерудің жолдарын да айтып берді.
– Инстаграм арқылы жасайтын саудасына салық төлемейтін адамдарға бір айтарым бар. Олар өзін алдын-ала қауіптен алыс ұстау үшін – патент ашып қойғаны дұрыс. Ол да ЖК-нің (ИП) бір түрі. Сіз сонда бір жылға шамамен қанша табыс табатыныңызды жазып, соған алдын-ала салық төлеп қоясыз. Сол арқылы сіз заң алдында тазасыз. Сіз сауда сататын болғандықтан, пайдадан екі пайыз көлемінде салық төлейсіз. Осылайша жұмысыңызды уайымдамай жасай бересіз. Патент ашу өте маңызды. Сіз сол патент арқылы 8 миллионға дейін ақша жасай аласыз. Тағы бір айтарым – инстаграм әлеуметтік желісі Фейсбуктың жеке меншігі болып табылады. Бізге не ТМД аумағына қарасты емес. АҚШ-тағы Фейсбуктың өнімі десек те болады. Бұл үшін инстаграмда аккаунт ашқан адамның ешқайда тіркелуіне қажет жоқ. «Фейсбуктың контентін жасап жатыр» деп есептелінеді,-дейді Алмас.
«Заңды тұлға ретінде тіркелуге міндетті»
Әлеуметтік желі соның ішінде инстаграм арқылы сауда жасайтындар заңды түрде тіркелуі және олардың салық төлемдері туралы сауалға Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Бауыржан Омартаев жауап берді.
– Кәсіпкерлік қызмет кәсіпкер атынан, оның тәуекел етуімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылады.Сол себепті, әлеуметтік желілер арқылы тауар сататындар, ақылы қызмет ұсынатындар, жарнама жасайтындар ең алдымен дара кәсіпкер немесе заңды тұлға болып тіркелуі міндетті. ҚР-ның қолданыстағы Салық кодексінің 79-бабына сәйкес, дара кәсіпкерді тіркеу есебіне қоюды салық органы жүзеге асырады. Дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою үшін жеке тұлға ҚР-ның рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен салық органына хабарлама жібереді. Мемлекеттік кірістер органдарына хабарлама жіберу мына 2 әдістің бірімен жүзеге асырылады:
1) электронды түрде (онлайн) – elicense.kz «электронды лицензиялау» порталы арқылы;
2) келу арқылы – мемлекеттік кірістер органдарына өзі келу арқылы.
Хабарламада дара кәсіпкердің болашақ кәсіпорнының реквизиттері мен параметрлері, мекен-жайы, атауы, қызмет түрі (ОКЭД) және салық режимдерінің бірі таңдалып, көрсетіледі. Хабарлама жіберілген уақыттан бастап, Мемлекеттік кірістер органдары бір жұмыс күні ішінде дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қоюды жүзеге асырады,-дейді Бауыржан Омартаев.
Аталған қызмет түрі тегін көрсетіледі.
«2018 жылдың 11 айында 4,8 млн теңге қаржы түскен»
Салық маманы Бауыржан Омартаевтың айтуынша, бүгінде Шымкент қаласында әлеуметтік желілерде қызмет түрімен айналысатын немесе қызмет көрсететін салық төлеушілер саны 138 адам. Бұл салық төлеушілерден 2018 жылдың 11 айында 4,8 млн теңге қаржы түсіпті. Ол әлеуметтік желі арқылы табыс табатындар тіркелмеген жағдайда қандай жазаға тартылатынын да айтып өтті.
– Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы табыс тауып жатқан тіркелмеген салық төлеушілерді анықтау бойынша заң талаптарына сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Анықталған салық төлеушілерге Салық кодексінің талаптары түсіндіріліп, алдағы уақытта заң бұзушылықтарға жол бергізбеу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Ал, тіркелмейтін салық төлеушілер бойынша Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 463-бабына сәйкес іс-шаралар жүргізіліп, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуда. Бұл бағытта жұмыстар ұдайы түрде жүргізіліп келеді.
«Дара кәсіпкер салықтарын төлеуге міндеттеледі»
Шымкент қалалық кірістер департаментінің тағы бір бас маманы Жазира Ыбрахым 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап, Тауарлармен электрондық сауда жасайтын салық төлеушілер үшін Салық кодексімен интернет-сауданы қолдау мақсатында, корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығына жаңа жеңілдіктер қарастырылғанын айтады. Оның сөзінше, интернет арқылы сауда жасаушылар (тауарлармен электрондық сауда) – бір мезгілде төмендегідей шарттарды сақтаған кезде табыс салығынан босатылады екен.
– Тауарларды өткізу жөніндегі мәмілелерді ресімдеу электрондық нысанда жүзеге асырылса;
– тауарлар үшін ақы төлеу қолма-қол емес төлеммен жүргізілсе;
– тауарларды сатып алушыға жеткізетін өз қызметі болса, не жүктерді тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді, курьерлік немесе пошталық қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен келісім-шарттары болса корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығын төлеуден босатылады.
Сонымен қатар, жеңілдіктер тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асырудан түсетін кірістер жылдық жиынтық кірістің кемінде 90%-ын құраған жағдайда қолданылады. Осы шарттар сақталмаған кезде салық төлеуші аталған жеңілдіктерді қолдануға құқылы емес. Сондай-ақ сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер тауарлар үшін ақы төлеуді қолма-қол емес төлеммен жүргізсе, патент құнына кіретін жеке табыс салығының мөлшері екі есе азаяды, яғни 2%-дың орнына 1% төлейді. Аталған жеңілдіктерді пайдалану үшін, тауарлармен электрондық сауда жасайтын тұлға, бірінші кезекте дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркеу есебіне тұруы қажет және жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаны мемлекеттік кірістер органдарына жолдауы тиіс екен.
Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат» газеті
№51, 19 ЖЕЛТОҚСАН 2018 ж.
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті