Күнгейде 22 адам өндіріс орнында қаза болған

769

Шымкент қаласы мен Түркістан облысында 2018 жылы 22 адам жұмыс орнында жазатайым жағдайда қайтыс болған. Кәсіпорындар мен ұйымдарда 101 өндірістік жазатайым оқиғалар орын алып, 122 жұмысшы зардап шеккен. Оның ішінде 49-ы жеңіл жарақаттанса, 51 ауыр жарақат алған.

Өңірге бөліп саралар болсақ, Түркістан облысы аумағында 2018 жылдың он екі айында өндіріс орнында 39 жазатайым оқиға тіркелген. Сөйтіп 49 адам зардап шегіп, 8 адам қайтыс болған. 21 адам жұмыс орнында жазатайым оқиға салдарынан ауыр жарақат алса, 20-сы жеңіл жарақаттанған.

Ал топтық 5 жазатайым оқиғасы тіркелсе, одан 15 адам зардап шеккен. Еңбек орнында топтанып жазатайым жағдайға ұшырағандар арасында 1 адам қайтыс болып, 7 адам жеңіл жарақат алса, жетеуі ауыр жарақат алыпты.

Шымкент қаласы бойынша кәсіпорындар мен мекемелерде жыл бойында 62 жазатайым оқиға орын алған. Салдарынан 14 адам қайтыс болып, 73 жұмыскер жарақаттанған. Оның 29-ы ауыр жарақат алса, 30 жеңіл жарақаттанған екен.

Шымкенттегі кәсіпорындарда 7 топтық жазатайым оқиғасы тіркелсе, 18 адам зардап шеккені белгілі болды. Он сегіздің тоғызы ауыр жарақат алса, алтауы жеңіл зардап тартқан.

Өкінішке орай, тағы үшеуі жазатайым оқиға салдарынан көз жұмған.
Орын алған 101 өндірістік жазатайым оқиғалардың 28-де еңбек инспекциясымен бірлесе кәсіподақтардың қатысуымен зерттеу жұмыстары жүргізілген. Қалған мекемелерде кәсіподақ болмауына байланысты зерделеуге қатысуға мүмкіндік болмаған көрінеді.

Осыған орай, кәсіподақ құрылмаған мекемелерде бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу және оларға мүшелер тарту жұмыстары жүргізілген. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында өндіріс орындары мен кәсіпорындарда жаңадан 41 бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылып, оған 3079 мүше тартылған.

 

Жанар Есенбекова