Шымкентте өзіндік бренд қалыптастырып үлгерген ірі кәсіпорындар жетерлік. Олардың отандық өнім өндіруде де асығы алшы. Бизнестің бишігін ұстаған кәсіпкерлер қоластындағылардың жағдайына қараспаққа бел буыпты.

Шымкенттік кәсіпорындар Елбасы Жолдауына осылайша қолдау білдірмек. Күнгейдегі құрылыс саласында өзіндің қолтаңбасы бар алып кәсіпорын «Отау-құрылыс» компаниясы аталмыш бастамаға алғашқылардың бірі болып үн қосып отыр. Компаниядағы жұмысшылардың орташа жалақы мөлшері — 130 мың теңге болса, ең төменгі еңбекақы — 59 мың теңге.

«Келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 15 пайызға, ал орташа жалақыны 10 пайызға көтереміз», — дейді құрылыс компаниясының бас директоры А. Аслан.

Қаланың дамуы үшін еселі еңбек етіп жүрген жұмысшылар бұл көтермелеуге әбден лайық-ақ. Ақ қар, көк мұз кешіп, жазда аптап ыстыққа қарамай тер төгетін еңбеккерлердің еңбегі ескерілетін күн де таяу. Жұмысшыларының жалақысын көбейтуді жоспарлап отырған кәсіпорындар қатарында «Атамекен», «Шымкент цемент» секілді кәсіпорындар да бар. Алдағы уақытта өзге де өнеркәсіп орындары бұл бастамаға қолдау көрсетеді деген үміт мол…

А.Бейімбет