Кәріз құдықтарының қақпақтарын қолды қылғандарға тосқауыл болмай тұр

389

Кәріз құдықтарының қақпақтарын қолды қылғандарға тосқауыл болмай тұр. Бір күнде 11 құдық үңірейіп қалған. Жыл басынан бері жүзден аса құдық қақпақсыз қалып, тұрғындарға қауіп төндірген.

Қақпағы ұрланған кәріз құдықтары қала тұрығындарына қауіп төндіріп тұр. Ашық жатқан құдыққа түсіп кетіп, жарақаттанып жатқандары да аз емес. Мұндай қауіп, қаладағы Бершін Төбе көшесінде туған. Мамандардың айтуынша, қараша айының өзінде көшенің бойындағы 11 кәріз қақпағы қолды болған.

Су арнасының мамандары полицейлермен бірігіп, рейд жұмыстарына жиі қатысады. Ұрлықтың алдын-алу мақсатында құрылған мобильді топ металл қабылдаумен айналысатын орындарды жіті назарда ұстайды. Бұл жолы көп қабатты үйлердің ауласындағы гаражды қара металл қабылдау бекетіне айналдырған кәсіпкерлер тексерілді. Бірақ, қабылданған темірлер арасында ұрлықы қақпақтар көзе түспеді.

Жеке кәсіпкер Ғұлам Әбдіхамитұлы түсті металлды қабылдауды 10 жылдан бері кәсіп еткен. Осы уақытқа дейін кәріз құдықтарының қақпақтарын алмағанын айтады. Өйткені қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізгені үшін бір 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынатынын жақсы біледі. Сол себепті де заңды қатал сақтайтынын түсіндірді.

Әл Фараби ауданы аумағында ұрланған құдық қақпақтарын түгендеп жүргенде, шаһардың екінші бөлігінде екі қақпақтың жоғалғаны тіркелген. Құрбан ата көшесінің тұрғындары екі дана қақапақтың жоғалғандығын су арнасының диспечеріне хабарлапты.

Шымкент қалалық полиция департаментінде дәл осындай 10 факт тіркелген. Ізіне түсу қиынға соғатын қылмыстардың санатына жататынын ескерсек, бүгінге дейін қақпақты қолды қылған күдіктілер ұсталып жатқаны қуантады.

Енді сандарды сөйлетсек, жыл басынан бері жалпы 111 дана кәріз құдықтарының қақпақтары ұрланған. Бір қақпақтың құны орта есеппен 10 600 теңгені құрайды. Сонда шамамен 1 200 000 мың теңгеге жуық материалдық шығын келтіріліп отыр.

Мамандар тұрғындарға жеке пайдасының мақсатында көше бойындағы су құбырларының қақпақтарын ұрлап, ашық қауіп туғызатын қылмыскерлермен бірлесе күресуге шақырады.

Ернар Балабеков