Кентаулықтар үшін биылғы жыл жаңашылдықтарға толы болды. Облыс орталығының Түркістан қаласына қоныс аударуы, шетте орналасқан Кентау қаласы тұрғындарының еңсесін тіктеді.

Кенді шаһарға 12 ауылдық округ, 35 елдімекен, 40-қа жуық мектеп, 25 балабақша, ауылдық клубтар сияқты әлеуметтік нысандар қосылды. Халықтың саны 100 мыңнан 200 мыңға бір-ақ жетті. Өндірістік -аграрлы қалаға облыс орталығы Түркістанды азық- түлікпен қамту міндеті жүктеліп отыр.

Жергілікті билік қосылған елдімекендегі ағайындардың, жалпы кентаулықтардың тұрмысын жақсарту үшін жоспар түзіп, жүзеге асыруда.

Әбдібақыт Мақұлбаев, Кентау қаласының әкімі: «Елбасының бес бастамасындағы тапсырмаларды орындау мақсатында коммуналдық тарифтерді соның ішінде жылуға тарифті 23,85 пайызға, ауыз су мен қоқыстың тарифтерін 9-11 пайыз аралығында төмендеттік. Бұл елеулі оқиға. Тұрғындар үшін  жақсы жеңілдік.

Кентауды газдандыру бағытында атқарылып жатқан тірлік ауқымды. Бөлінген 3 млрд. теңгеден астам қаражатқа үзындығы 57 шақырым магистраль, 14-ші  АГРС пен қаланың ішкі жүйелеріне құбыр тартылған.

Келер жылы Хантағы, Қарнақ, Байылдыр, Құсшы ата елдімекендерін табиғи отынмен қамту мақсатында әзірленіп жатқан жобалық -сметалық құжат аяқталады. 2020 соңына дейін қалада,  2021 жылы  Кентаудың жанындағы  елдімекендер көгілдір орынмен қамтылады деп жоспарлануда.

Шынар Оразова