Кентау қаласында ағымдағы жылдың 10 айында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 27 486 шаршы метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 167 пайыз артты. Жалпы шаһарда жыл сайын 100-ден аса пәтер ел игілігіне тапсырылады. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев мәлім етті.
«Ағымдағы жылдың 10 айында Кентау қаласы бойынша 7 көп қабатты тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 2 нысан, атап айтқанда жалпы құны 898 млн.теңгелік ауданы 7294 шаршы метрді құрайтын 120 пәтер қараша айында толығымен қабылданып, пайдалануға берілді. 5 нысан (300 пәтер 2 млрд. 340,8 млн.теңге, ауданы 16 620 ш.м.) 2019 жылға өтпелі. Көпқабатты тұрғын үй кешенінің жалпы сметалық құны 3 238,8 млн.теңгені құрайды», — деді Әбдібақыт Тілләбайұлы.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы 5 дана 2 қабатты қызметтік үй құрылысы басталып, жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылады. Ондағы пәтерлер саны – 54, жалпы ауданы – 2296,84 шаршы метр. Сондай-ақ, 10 дана 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің жобасы әзірленіп, 2019 жылы құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Ондағы пәтер саны – 600, ал жалпы ауданы –33 470 шаршы метрді құрайды.
Айта кетерлігі, Кентау қаласында Елбасы тапсырмасын сәйкес, коммуналдық төлем бағалары айтарлықтай төмендеген. Мәселен, ауыз-су – 9-11 пайызға, қоқыс шығару – 9-10 пайызға, жылу –24 пайызға арзандап отыр.
«Қаладағы 334 көп қабатты, 2121 жеке тұрғын үй және 102 бюджеттік мекеме толық орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілуде. Станцияның қатты отын қорын жасақтауға бюджет есебінен 497,7 млн. теңгеге 49334,9 тонна қатты отын алынып, тасымалданды.
Инфрақұрылым бойынша Кентау қаласы және оған қарасты ауыл тұрғындары 24 сағат, Ащысай ауылы ғана 12 сағат ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, Кентау қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен жалпы құны 1003,2 млн.теңге қаржы қаралып, жұмыстар атқарылуда. Қаланың 5 ішкі көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына 58 млн.теңге бөлініп, 2,5 шақырым жол жөнделді. Сондай-ақ, 27,6 млн.теңгеге көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы 9,1 шаршы метр жол жөндеуден өтті.
Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі