Мектепте ең алғаш жылыжай ашқан ұстаз

552

Ұстаз мәртебесі ұлықталды. Шымкент қаласындағы №68 жалпы орта мектебінде ардагер ұстаз Ханшагүл Балжанованың атында енді кабинет бар. Білім саласында 38 жыл қызмет еткен білікті маман 26 жыл осы оқу ордасында шәкірт тәрбиелеп келеді. Оның баға жетпес еңбегін ескерген ұжымдастары ұстазға ерекше құрмет көрсетті.

Мектеп ұжымы ардагер ұстазды тікесінен тік тұрып, ерекше ықыласпен қарсы алды. Осы білім ошағы құрылғанынан жарғақ құлағы жастыққа тимей 26 жыл бойы қалтқысыз еңбек еткен жанға қалай ілтипат білдірсе де жарасымды. Ерекше сәттің куәсі болуға ауыл ақсақалдарынан бастап, бүлдіршіндерге дейін келіпті. Міне, кабинеттің қызыл лентасы қиылып, көпшілік ішке енді.

Бұл бөлмеде Ханшагүл Балажанованың ширек ғасырдан астам уақыт ішіндегі жетістіктерін баяндайтын құжаттар да, заттар да жеткілікті. Білікті маман білім нәрімен сусындатқан шәкірттердің де жемісі осында көрініс табады. Ұлағатты ұстаз перзенттерінен гөрі, оқушыларының жеңісін көбірек мақтан тұтатынын айтады.

38 жыл бойы шәкірт тәрбиелеуден жалықпаған ұстаздың бұл мектепке сіңірген еңбегі орасан. Соның бірі 2013 жылы ашылған жылыжай. Оқушылар аптасына бір рет осында тәжірибе сабағын өтеді. Жылыжай шәкірттердің ғылыми жұмыспен еркін айналысуына мүмкіндік ашады.

Ұлағатты ұстаздың еселі еңбегін ұжымдастары жоғары деңгейде бағалайды. Мектептің өнерлі шәкірттері болса, ұстазға деген құрметін әнмен жеткізді.

Жанерке Хумар