Мемлекеттік қызмет мектебіне іріктеу сынағы аяқталды

260

Шымкент қаласының тағы 2 ЖОО студенттері Мемлекеттік қызмет мектебіне іріктеу сынағынан өтті. Бұл жолы мектепке түсуге М.Әуезов атындағы ОҚМУ және Халықаралық Гуманитарлық техникалық Университетінің 100-ге жуық студенті үміткер болды.

Мемлекеттік қызмет мектебіне бірінші іріктеу кезеңі ҚР Конституциясы, ҚР Мемлекеттік қызмет туралы Заңы және мемлекеттік қызметшілердің Этикалық кодексі бойынша сұрақтардан тұратын тестілеу түрінде өтті.

Тестілеуге Шымкент қаласының жоғары оқу орындарының 4 курс студенттері тегін қатысты.

Өз білімін растаған студенттер мемлекеттік қызмет мектебінде оқып, қаланың мемлекеттік органдарында тәжірибеден өте алады, бұл алдағы уақытта олардың мемлекеттік қызметке кіруіне ықпал етеді.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының Кешенді жоспарына сәйкес Шымкент қаласында мемлекеттік қызмет мектебі өз жұмысын бастаған болатын.

Мектептің мақсаты – мемлекеттік қызметке талантты әрі белсенді жастарды тарту және мемлекеттік органдарда жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік беру.

Қабылдау бойынша толық ақпаратты Департаменттің www.memkyzmet.kz ресми сайтынан, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан және 53-61-13 телефоны бойынша алуға болады.