Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жоғарылайды

711
мемлекеттік қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды пысықтауда

Шымкентте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы айлық» жалғасуда. Оның аясында мемлекеттік қызметкерлердің бұқараға көрсетіп жатқан қызметінің сапасы, ашықтығы тексерілуде.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары Олжас Бектенов жемқорлықтың алдын алу бойынша республикада атқарылып жатқан жұмыстармен шымкенттік әріптестерін таныстыруға арнайы келіпті. Үшінші мегаполисте аталған дертті болдырмау үшін не жасалып жатқанына қанықты.

Қала әкімдігінің мәжіліс залына жиналғандардың дені — мемлекеттік қызметкерлер. Халыққа қалтқысыз адал қызмет етуі тиіс азаматтар. Бүгінде олардың алдында тұрған міндеттердің бірі — сапалы қызметті ашық, электронды форматта көрсету, бір терезе қағидатын ұстану. Сондықтан, бүгінде мемлекеттік қызметтің 55 пайызы электронды форматқа көшірілген. Бұл көрсеткіш әлі де жоғарылауы керек.

Мәселен, осы жүйе бойынша әлемде Қазақстан Австрия мемлекетімен қатар 25 — ші орында тұр, ал Азия елдерінің рейтингісінде 8 — орынды иеленген. Жемқорлықпен күресуде де ең тиімді жүйе осы болып тұр. Егер электронды формат түбегейлі барлық салада қолданылса, тамырлаған парақорлық, бюджет қаржысына қол сұғу сиқты фактілер әлдеқайда азаяр еді. Әзірге ондай болмай тұр.

Олжас Бектенов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары

Олжас Бектенов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары: «Қылмыстық қудалауға көшсек, 2001 жылдан бастап республика көлемінде 11 мыңнан астам  мемлекеттік қызметтегі азаматтар жауапкершілікке тартылған, өкінішке қарай. Олардың 2-і премьер-министр, 17 —  министрлер, агенттіктің төрағалары мен орынбасарлары, 15- облыс және қала әкімдері, 8-і ұлттық компаниялардың басшылары. Ал енді ағымдағы жылдың 10 айында ұлттық бюро 2 мың 300 — ден астам қылмыстың жолын кесті.  Оның 736-ы ұрлық, 979-ы пара алу фактілері. Ең көп сыбайлас жемқорлық фактісі атқару органдарының ішкі істер, мемлекеттік кірістер, әділет органдарында жасалған. Қуантарлық жағдай, 2016 жылдан бастап сыбайлас жемқорлық фактілері 18 пайызға азайған.  Цифрландыру жүйесіне көшсек, бұл көрсеткіш едәуір жақсарары анық».

Астаналық шенеунік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бұқаралық сипатқа ие болуы тиіс деп есептейді. Жаңадан ашылған «Шымкент — адалдық алаңы» жобасы да осы мақсатта іске қосылды. Сонымен қатар, бұл жиында мемлекеттік қызметтің жаңа моделіне көшу барысы да сөз болды.

Еркеғали Әлімқұлов, Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының басшысы

Еркеғали  Әлімқұлов, Шымкент қаласы  әкімдігі аппаратының басшысы: «Елбасының тапсырмасы, Үкімет қаулысына сәйкес Шымкент қаласы әкімдігі 12 желтоқсаннан  бастап  мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын факторлық бағалау шкаласы бойынша есептеу жаңа моделіне көшті. Мысалы, аудан әкімдігі аппаратының бас маманы 73 мың теңге, басқармадағы бас маман 83 мың теңге жалақы алса, жаңа  модель бойынша енді олар  197 мың теңге жалақы алады.  Олардың жалақысы 90 пайызға көтеріледі. Басқарма басшыларының жалақысы 220 теңгеден 450  мың теңгеге  артады. Бағалау шкаласында жұмысқа ынтасы, халыққа қызмет көрсету сапасы ескеріледі. Балалары бар қызметкерлерге икемді жұмыс кестесі ұсынылды. Түскі үзілістегі  — 3 сағатты тиімді пайдалану бойынша бір қызметкерге  бір сағат жеткілікті болса, екіншісі жұмысын  тындыруға  екі сағат керек болады. Қызметкерлерге жағдай жасау арқылы жұмысқа белсенділігі мен қызығушылығын арттыру көзделіп, жемқорлыққа  саналы түрде қарсы тұруына жағдай жасалуда.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғам болып жұмылу керек

Мемлекеттік қызметкерге қатысты талап күшейтіліп, жұмысын адал, алаңсыз орындау үшін жағдай жасалуы керек. Балалары бар қызметкерлерге де икемді жұмыс жүйесі  енгізілді. Әлеуметтік қорғалуы, жалақысының жеткілікті болуы да маңызды. Осылай, төрт құбыласы тең болғанда, қоғамды жайлаған дерттің тамыры өздігінен шабылар еді, десті жиналғандар.

Ең бастысы, жиында  әкімдіктерде, басқармаларда жиындар, отырыстардың саны азаяды.

Шынар Оразова