Елбасы алдағы 3-4 жылда білім саласына ЖІӨ-нің 5% жұмсалатынын мәлімдеді. Президент еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен кездесуде келесі жылы қабылданады деп жоспарланып отырған «Педагогтардың мәртебесі» заңына қатысты пікір білдіріп, алға қойылған мақсаттарға тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Ұстаздар жаңа дағдыларды игеретін болса, жалақысы 30-35% өседі. Мұғалімнің қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін ол білімді азамат болуы тиіс. Әлемде білім ЖІӨ-нің 5%-ін құрайды. Ал біз бұған әлі жетпедік. Бұл мақсатқа алдағы 3-4 жылда жетеміз деп жоспарлап отырмын. Білімге кететін қаражатты көбейтуіміз қажет», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы медицина саласы да ЖІӨ-нің 10% процентін қамтуы тиіс екенін айтып өтті. Бұдан өзге соңғы жылдары халықтың денсаулық жағдайы жақсарып, орташа өмір сүру жасы 73-ке дейін ұзарғанына тоқталды. Сондай-ақ, Американың оқу орындарында білімінің деңгейі жоғары екеніне назар аударды.
«Әлемде барлығы жақсы, керемет деп айта алмаймын. Бірақ қашан да жақсы тәжірибе жинауға тырысуымыз қажет. Финляндия бізге жақсы тәжірибе береді. Бір шетінен ол елде оқушылар барынша еркін болуы керек дейді. Сыныпта отырған 20 оқушының қалағанынша кіріп-шығып жүргенін қабылдай алмаймын. Ұстазбен де жанжалдасып, ауызына келгенін айтып жатады. Бұл нәрсеге бойым үйренбеді. Бірақ Америка оқушылары Ирактың қайда екенін білмесе де, жоғарғы оқу орнында білім сапасы күшті екені сөзсіз», — деді Елбасы.
Президенттің айтуынша, Американың жоғары оқу орындарына әлемнің ең мықтылары ғана шақырту алады.