Жетісай ауданында «Ырыс» микро кредиттік ұйымының игілігін көріп отырғандар аз емес. Солардың бірі — Ынтымақ ауыл округі Талапты ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ербол Борашев. Ол осыдан 7 ай бұрын «Ырыс» несие ұйымынан 4 жылға 14 млн теңгелік кредит туралап, 30 бас жылқы мен 20 бас өгіз сатып алыпты. Ал қалған қаржыға қорасын қоршапты.
«Бүгінде қорамызда 60-қа жуық мал ұстаймыз. Негізі мақсатымыз — өгіздерді бордақылап, жылқылардың басын көбейту. Бұқаларды 6 ай жемге қойып, Жетісай қаласындағы мал базарға саудалаймыз. Бір өгізден шамамен жем-шөпке кеткен шығындардан бөлек, 70-80 мың теңге пайда көреміз. Малға қажетті ұн, кебектерді Солтүстік Қазақстан облысынан тасымалдаймыз. Ал қалған қажетті шөптерді өзімізге тиесілі егістік жерге егіп жинап аламыз» ,- дейді жеке кәсіпкер Ербол Борашев.
Биыл «Төлеш-Ләйлә» жеке шаруашылығы 10 гектар жерге жоңышқа мен 3 гектарға жүгері егіпті. Осыдан бір-екі жыл бұрын аудан орталығы — Жетісай қаласынан мал сою алаңы мен ет дүкенінің құрылысын бастапты. Бүгінде екі нысанның да құрылысы аяқталуға жақын.
«Алдағы жоспарымыз – аудан орталығынан ет дүкенін іске қосу. Ол үшін мал басын 100-ден асыруымыз қажет. Қазіргі қора-жайымыздың үлкендігі 100 бас мал ұстауға қолайлы. Сондықтан алдағы жоспарымыздың жүзеге асатыны сөзсіз», — дейді Ербол Төлешұлы.
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі