Отырар ауданында бетперде киген жігіт ломбард тонамақ болған

281

Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті ломбардтардың біріне қарақшылық тонау жасалғаны туралы қоңырау түскен.

Бетін бүркеп алған белгісіз біреудің ломбард қызметкерін қорқытып, ақша талап еткені анықталды. Бірақ, ақшаны ала алмаған қаскүнем көлікке мініп, оқиға орнынан қашып кеткен.

Облыстық полиция департаментінің кезекшілік бөлімінің бүкіл жеке құрамы күдіктілерді іздеуге кірісті. Қылмысты ашу мақсатымен тәжірибелі полицейлерден құрылған арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Жедел-іздеу шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктіні Түркістан қаласына кіретін жолда қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының жас тұрғыны болып шықты.

Ломбардты тонау барысында көліктің ішінде күдіктімен бірге сыбайласы, бойжеткен болғаны белгілі болды. Оның қылмысқа қатысы бар-жоғы сот алдындағы тергеу амалдарының барысында анықталатын болады.

Қазіргі кезде күдікті қамауға алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы: 188 (Ұрлық) және 192 (Қарақшылық) бойынша сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі