Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, әкімшілік полиция қызметкерлері мен Түркістан облысы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметкерлері «Пиротехника» жедел алдын-алу іс-шарасы шеңберінде пиротехникалық өнімдерді сату кезіндегі бұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтік іс-шараларды өткізуде.

Пиротехникалық өнімдерге сертификаттардың жоқтығы және белгісіз орындарда пиротехникалық тауарларды сату жайттары кең таралған. Полицейлер пиротехникалық заттарды сату ережелерін сақтамаған құқық бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартады. Әсіресе, кәмелетке толмағандардың ойын-сауық үшін өрт қауіпті өнімдерді пайдалануына баса көңіл аударылып отыр. Аталған рейдтік іс-шараға әкімшілік полиция қызметкерлері, ТО ПД-нің жергілікті полиция қызметі мен басқа да қызметтердің өкілдері қатысты.

Жедел алдын-алу іс-шарасы өткізілген күннен бастап, сертификатталмаған пиротехниалық заттардың 29 мың бірлігі тәркіленді. 20 құқық бұзушы, оның ішінде пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатумен оны жүзеге асырғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәселен, полицейлер 26 желтоқсан күні, Түркістан қаласындағы сауда үйлерінің бірінен пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сақтап және оны жүзеге асыру жайтын анықтады. Сонымен қатар, полицейлер пиротехникалық түрлі бұйымдардың 28 мың бірлігін, оның ішінде отшашулар мен фейерверктер (мейрам кезінде түрлі жарық беретін оттар) бар. Құқық бұзушыларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың 483 бабының 2 тармағы «Азаматтық пиротехникалық заттарды және оларды қолданып жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, олармен сауда жасау, оларды жою, әкелу, әкету тәртібін бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Полиция қызметкерлерімен пиротехникалық өнімдерді заңсыз әкелу, сақтау және пайдалану жайттарын анықтау мақсатында күнделікті жасырын сауда орындары, базарлар мен сауда нүктелері тексерілуде. Сондай-ақ, жедел алдын-алу іс-шарасы аясында полицейлер халық арасында сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді алмауға және өрт қауіпсіздігі ережелері туралы ескертпе қағаздарын таратуда.

Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарына отшашу мен басқа да пиротехникалық заттарды пайдаланғанда қарапайым қауіпсіздік шараларын пайдалануды еске салады. Балалар мен үлкендер арасындағы жарақаттанудың алдын-алу және болдырмау, жасөспірімдердің пиротехникалық заттарды қолданбауын бақылау, сондай-ақ пиротехникалық өнімдерді лицензиясы бар арнайы сауда орындарынан алуға кеңес береді.