РТР телеарнасының түсірілім тобы «По секрету всему свету!» бағдарламасының кезекті шығарылымын Шымкент қаласы мен Түркістан облысының аумағында түсіруде, деп жазады Elitar.kz.
«По секрету всему свету!» — саяхатқа шығуды жаны сүйетін жандарға арналған бағдарлама. Шығармашылық топ Жер шарының ең көрікті әрі таң қаларлық орындарына саяхат жасауға шақырады. Бағдарлама жүргізушісі жергілікті ерекшеліктер туралы ғана емес, сонда тұратын халық туралы жеңіл тілмен әрі қызықты етіп баяндайды. Себебі, қай жер болмасын адамымен қызықты! Саяхаттың бар қызығы да сонда.
Міне, бағдарламаның шығармашылық тобы біздің облысты таңдап отыр. Осылайша «ҚАЗАҚТУРИЗМ» ҰК АҚ Түркістан облысын ТМД елдері үшін отбасылық демалысқа лайықты етуге тырысуда.
Қазақстанның оңтүстігіндегі түсірілімге «Кухня» телесериалының жұлдызды әртісі Ольга Кузьмина қатысуда. Сол сериалдағы даяшы Настяның рөлі бұл әртістің бағын жаққан образдың бірі болды.
2017 жылдың көктемінде Ольга «Пятница» бағдарламасының қонағы болды. Жүргізуші Андрей Бедняковпен бірге ол Сан-Франциско қаласына экскурсия жасады.