«Shymkent Development-2018» алғашқы халықаралық инвестициялық форумы қонақ үй-мейрамхана бизнесі саласындағы HoReCa Awards марапатын тапсыру рәсімімен аяқталды.
Мұндай марапаттау рәсімі алғаш рет Шымкентте өткізіліп отыр. Оның да өзіндік сыры бар. Алдағы уақытта үшінші мегаполис туристердің ағылатын орталыққа айналмақ. Ұйымдастырушылар жақын келешекте Шымкент туризм индустриясының өкілдері, бизнестің салалары, экспорттаушылар мен импорттаушылар арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту үшін бірыңғай платформаға айналары сөзсіз дейді.
«HoReCa Awards 2018» ұлттық сыйлығын 2015 жылы «Қазақстанның қонақ үйлері мен мейрамханаларының Алянсы» қоғамдық қоры құрған болатын. Аталмыш марапатқа тек үздіктер ғана қол жеткізеді.
Тұңғыш рет Шымкентте өткен марапаттың көздеген басты мақсаты — Қазақстанның туристік әлеуетін арттыру және елдегі қонақ үй-мейрамхана саласындағы қызметтің сапасын көтеру болып табылады. Бұған қоса Қазақстанның халықаралық туристік нарықтағы абыройын жоғарылатып, қонақжайлылығын таныту да негізгі бағыттардың бірі.
Сервистік қызметтің ақсап тұрған шағында мұндай көтермелеу осы саланы сауықтырары сөзсіз. Әрі қонақжайлылығымен аты шыққан қаламыздың алдағы уақытта әлемдік стандарт талаптарына сай қызмет көрсету саласын жетілдіруі үшін жасалып жатқан қадам.
Сонымен, ең үздік қонақ үй желісі номинациясын «RIXOS Khadisha Shymkent» қонақ үйі ұтып алды. Ал «Ладушки» кондитерлік желісі еліміздегі үздік отбасылық мейрамхана номинациясын иеленді.
А.Бейімбет