Шымкент аруы-2018. Балжанат Анас кім?

530

Үшінші мегаполистің аруы анықталды. «Шымкент аруы-2018» сұлулар байқауында бағы мен бабы қатар шапқан жеңімпаз — Балжанат Анас. Бойжеткен 19 жаста. 217 үміткердің ішінен суырылып шығып, үздік 20 сұлумен сынға түсті.  Ақтық кезеңге дейін жетіп, сұлулық тәжін тақты.

Сұлулық байқауының басты талаптары қандай?

Кез келген қыз баласы үшін өзінен асқан әдемі, өзінен асқан сұлу жоқ, сондықтан әрбірі өзі үшін ару. Балжанат Анас осылай деп есептейді. Сондықтан ақтық сынға шыққан әрбір қыз «Шымкент аруы» атануға әбден лайықты болғанын айтады.
Балжанат Анас, «Шымкент аруы-2018» байқауының жеңімпазы:
– Біз үшін бірінші байқау – кастинг болды. Кастингте 200-ден астам қыз жүрді. Барлығы әдемі, сұлу, өздеріне сенімді. Талап та жоғары. Бойымыз 169 см-ден төмен емес, салмағымыз 53 кг-ден артық болмауы шарт еді. Кастинг біткеннен кейін телефонға телміріп, жауап күттім. «Кастингтен өттіңіз» дегенді естіген кездің өзінде өзімді жеңімпаз деп санадым. 20 қыз іріктеліп алынды. Кастингтен кейін күн сайын дайындықтар болды: би, дұрыс жүру, киіну, бояну. Барлық қыздармен танысып, жақсы араласып кеттік. Жаңа дос-тар таптым. Әрқайсысы өзінше мықты, әрбірі қаламыздың ең сұлу аруы атануға лайықты деп ойлаймын. Өйткені соншама қатысушының ішінен іріктеліп шығудың өзі талай еңбекті талап етеді.
Иә, жылдың ең ауқымды байқауына қатысуға ниеттілер аз болмаған. Ұйымдастырушылардың сөзінше, 400 ұсыныс келген болса, кастинге 217 ару қатысқан. Соның 20-сы ақтық сынға жолдама алыпты. Айта кетейік, биылғы арулар жарысы өзгеше өтті. Қатысушы қыздар тек сыртқы келбетін көрсетіп қана қоймай, ішкі жан дүниесінде көрсетуі үшін түрлі іс-шараларға қатысты. 20 ару сенбілікке шығып, көше сыпырды, қоқыс жинады. Одан қалса, балалар үйіне барып, балақайларға қуаныш сыйлады. Солардың ішіндегі Балжанат Анас барлық жағынан үздік деп танылып, Шымқаланың аруы атағын иеленді.

Байқауға қатысатынын ата-анасынан не үшін жасырды?

Балжанат Анас ОҚМПУ-нің «Шет тілі» мамандығының 2-курс студенті. Мектеп қабырғасынан бастап мерекелік іс-шараларың басы қасында жүрген ол болашақта актриса немесе тележүргізуші болатынына сенімді еді. Бірақ мектеп бітіріп, жоғары оқу орнын таңдайтын кезде әкесі өнер жолын таңдауына қарсылық білдіріпті.
– Әкем актриса болғанымды қаламады. Ағылшын тіліне де қатты қызғатын едім, сондықтан «Шет тілі» мамандығына түстім. Бірақ бәрібір сахна өзіне тартады да тұрады. Биге қатысамын, модель мектебіне барамын. Кештерді жүргіземін. Осылай жүргенімде оқу орны басшылығынан «Шымкент аруына» қатысу туралы ұсыныс келді. Ойлана келе «қатысып көрейін» деп шештім. Бірақ ата-анама, үйдегілерге айтпадым. Өйткені әкемнің рұқсат бермейтініне сенімді едім. Сонымен сұлулық тәжін басыма таққанан кейін барып хабарласып айттым. Олар, әрине, қуанды. «Болары болыпты ғой, қуаныштымыз сен үшін» деп құттықтады.

Жапсыратын кірпікті жаратпайды

Балжанат Жетісай қаласында туып өскен, Шымкентке көшіп келгеніне көп болмапты. Көпбалалы отбасынан шыққан. 5 әпкесі, екі ағасы бар. Ол үйдің кенжесі болса да, еркелік танытпағанын айтады.
– Тамақтың барлық түрін дайындай аламын, үй шаруасының барлығы қолымнан келеді. Шымкент аруы атанғаннан кейін түрлі пікірлер естіп, оқып жүрмін. «Ой, сұлулық байқауына нағыз қазақы қыздар қатыспайды, үйінде отырады», «Осылардың қолынан бірнәрсе келетініне сенбеймін», «Тек сырт келбетін ғана ойлайды» дегендей. Бұл пікірлермен келіспеймін. Иә, мен үйдің кенжесі болдым, бірақ ата-анам еркелете отырып жақсы тәрбиеледі. Нағыз қазақ қызы қандай болу керектігін үйретті. Ал боянуға келсек, байқаудың шарты сондай болғандықтан бояндық, өмірде күн сайын бетіме түрлі бояу жағып жүрмеймін. Жасанды кірпік, жасанды тырнақпен жүре алмаймын және оны қолдамаймын, — дейді Балжанат.

Ақтық сын қалай өтті?

Балжанат Анас ақтық сынның қалай өткені жайында да сөз етті.
– Соңғы күні біз үлкен сахнада өнер көрсеттік. Жиналған адам көп болды. Мен үшін бұл ең алғашқы үлкен көлемдегі байқау болғандықтан, қобалжыдым. Бірақ өзіме деген сенімділікті жоғалтпадым. Маған ұнағаны – бізге байқау барысында ашық-шашық киім кию міндеттелген жоқ. Жабық, ұзын, әдемі көйлектер кидік. Макияж да болған жоқ. Бірақ, менің ойымша білім жағынан да сынақ болуы керек еді. Қазақы дәстүрмен қаншалықты таныс екенімізді, білім деңгейімізді тексеретін тапсырмалар болады деп күттім, бірақ болған жоқ.
Бірнеше күнге созылған сұлулық байқауында Балжанат бірауыздан жеңіске жетті. Оған жеңімпаздың тәжін «Қазақстан аруы – 2018» сұлулық байқауының жеңімпазы Алфия Ерсайын тақты. Балжанат мұндай титулға ие боламын деп ойламаған.

Ару автобуста жүретінін жасырмайды

– Менің автокөлігім жоқ, барлық жерге қоғамдық көлікте қатынаймын. Асып, тасып бара жатқан ақшам жоқ. Сондықтан «Сұлулар жарысында тек бай-бағландар, таныстары барлар ғана жеңіске жетеді» деген сөзден аулақпын. Байқау әділ өтті. Мен, тіпті, жеңіске жетемін деп ойламадым. Атымды атаған кезде қуаныштиан жүрегім тоқтап қала жаздады. Қуандым.

Шымкент аруы бетіне қандай күтім жасайды?

Мегаполистің ең әдемі қызы сұлулығы, сүйкімді қылығы бізді де бей-жай қалдырмады. Сәтті пайдаланып, бетіне қандай күтім жасайтынын сұрап алдық.
– Бетіме ерекше күтім жасаймын деп айтпаймын, бірақ өз нәтижесін берген маска пайдаланам. Оның құрамында:
– 1 жұмыртқа сарысы; 1 ас қасық сүт; ұн; бал бар.
Осы 4 ингредиентті араластырып жағамын. Болды. Шашыма, тырнағыма арнайы күтім жасамаймын. Басты айтарым дұрыс тамақтану керек және денені шынықтырған абзал.
Ол бос уақытында электронды кітап оқып, сурет салғанды жақсы көреді. Одан бөлек көп уақытын Instagram желісіне жұмсайды екен.
– Уақытым зая кетіп жатыр деп санамаймын. Себебі ол жерден өзіме керек дүниелерді оқып, біліп отырамын. Өзім де белсендімін, жиі фото саламын. 2 мыңнан аса жазылушым бар. Шымкент аруы атанған соң саны өсіп жатыр. Осы орайда айтарым, шымкенттік жастардың мәдениеті әлі төмен. Дұрыс сөйлеу, өзін ұстауды білмейді. Қай-қайдағыны жазып, көңіл күйді түсіреді. Соның барлығы олардың қолы бос болғандықтан деп ойлаймын. Оқымайды, жұмыс істемейді. Ал одан арылу үшін қаламызда жастардың басын қосатын үлкен іс-шаралар көптеп болуы керек шығар. Алматы, Астанаға барсаңыз, жастары басқаша. Дегенмен, Шымкент мен үшін ең керемет, ең ыстық қала!
Осылай деген Балжанат байқаудан кейін өмірі қатты өзгере қоймағанын айтады. Ал болашақта өз мамандығын да, өнерді де қатар алып жүруге дайын. «Фотомодель, модель болуға ұсыныстар түсіп жатса, қуана қуана келісемін» дейді.
Айта кетейік, енді Балжанат Анас «Қазақстан аруы-2019» байқауында Шымкенттің атынан сынға түсіп, бағын сынайды. Үшінші мегаполистің аруына тек сәттілік серік болсын дейміз! Ал жеңімпаздың өзі сөз соңында «Оңтүстік Рабат» газетінің барша оқырмандарын жаңа жылмен құттықтап, бақ-береке тіледі.

Әлия Әділбек

«Оңтүстік Рабат» газеті, №52, 26 ЖЕЛТОҚСАН 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті