Шымкент спорт саласы бойынша «Үздік аймақ» атанды

97

Шымкент қалалық дене тәрбиесі және спорт басқармасы Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті ұйымдастырған байқауда «Үздік аймақ» номинациясын жеңіп алды.

Расында биыл шымкенттік спортшылар үшін алтыннан алқа жаудырған жемісті де жеңісті жыл болды десек артық айтқандық емес. Оған дарынды спортшыларымыздың жеңісі дәлел.

XVІІІ жазғы Азия ойындарынан 14 шымкенттік спортшы жүлдемен оралды. Оның үшеуі алтын медаль. Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарындан шымкенттік ескекші Стелла Суханова қола медаль иесі атанды.

Паразиада ойындарында Мансурбек Ибрашев күміс және қола, Алина Дубинина қола медаль, дзюдо күресінен Азамат Тұрымбетов күміс жүлде иеленді.

Каратэ-до спорт түрінен Қазақстан бойынша жалғыз Әлем Чемпионатының күміс жүлдегері шымкенттік Дархан Асаділов мерейімізді асырды. Грек- рим күресінен Мейіржан Шермағанбет Әлем чемпионатының қола жүлде жеңіп алды.

Нысанаға көздеуден шымкенттік Сәрсенкүл Рысбекова Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Аталмыш спорттық жүлдені ҰОК 4 жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Соңғы екі жылдан бері жеңімпазды жанкүйерлердің өздері анықтайды.