Шымкентте жедел жәрдем көрсететін тағы 3 жаңа бекет ашылды. Шағынаудандарда орналасқан бұл бекеттерде 24 бригада халыққа жедел медициналық көмек береді.

Нысандардың ашылуына денсаулық сақтау басқармасының басшылығы қатысып, стансалардың халыққа жағдай жасауға қаншалықты дайын екенін көрді.

Науқастанған қалалықтарға енді жедел жәрдем бригадасы бұрынғыдан ертерек жетеді. Сондай мүмкіндік туды. «Дәрігерлердің өзі кешігу уақыты төрт минутқа қысқарады», деп отыр. Қаладағы тұрғындар тығыз орналасқан үш шағынауданда жаңа жедел жәрдем бекеттері ашылды. Жаңа нысандар заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Бекетте диспетчерлік бөлме, бекет меңгерушісі мен аға фельдшердің кабинеті, дәріхана қоймасы, қобдиша толтыру бөлмесі, тіпті, акт залы мен демалыс бөлмесі, көлік тұрағы сияқты қажеттінің барлығы бар.

Нұрлан Қасымов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Бұрынғыға қарағанда 3-4 минут жылдам жетуге мүмкіндік жасап отырмыз. Егер норматив 10-15 минут болса, қалалық жедел жәрдем қызметкерлері шақыртуға 10-11 минутта жетуетін болады. Болашақта өзге де медициналық ғимараттарды ашамыз деп отырмыз. Жалпы норматив бойынша қалаға 100 бригада қажет. Келесі жылы нормативке жетеміз деген жоспар бар».

№1, №3, №6 деп нөмірленген бұл бекеттер «Қайтпас-2», «Айқап» шағынаудандары және Қапал батыр көшесінде орналасқан. Шағын стансалар шамамен 170 мыңнан астам тұрғынға жедел медициналық көмек көрсетеді.

Шақыртуларға жалпы 24 жедел жәрдем бригадалары шығады. Олардың ішінде интенсивті терапия бригадасы, желілік дәрігерлік бригада, интенсивті педиатриялық бригада, жалпы педиатриялық және фельдшерлік бригадалар бар.

Лаура Нақыпқызы