Шымкентте кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар екі есеге өскен

454

Шымкентте кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар екі есеге көбейген. 2018 жылдың 11 айында дәл осы санаттағы қылмыстық істер үлесі 138 пайызды құраған. Яғни 2017 жылы жасы кәмелетке толмағандарға зорлық бойынша 18 қылмыстық іс тіркелсе, биыл 2018 жылы бірден 43 қылмыстық іс есепке алынған.

Шымкенттегі кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия да, басқа да уәкілетті органдар тек ресми іс -шаралар өткізіп қана қойып, әрекетсіздік танытқан. Жаттанды «жеңіл» іс -шаралармен шектелген. Сөйтіп құзырлылардың өзі талай заңбұзушылықтарға жол берген.

Ювеналды полиция мен мектеп әкімшілігі әрекетсіздігінен алдын алуға болатын оқушыларға қатысты 7 зорлық оқиғасына жол берілген. Бұл туралы Шымкент қаласы прокуроры Мақсат Қожабаевтың төрағалығымен өткен құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде айтылды. Жоғарыда келтірілген заңбұзушылықтар мен олқылықтарды прокурорлық талдау нәтижелері айқындап берді.

Жиында Шымкент қаласының әкімшілік полиция басқармасы мен білім басқармасына осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, жайсыз отбасыларды анықтау сынды алдын алу жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Сонымен қатар интернетте интимді сипаттағы сайттарға шектеу қойылуы да бек мүмкін.

Сондай — ақ, Үйлестіру кеңесінің күн тәртібінде адам өміріне қол сұғушылықпен ұштасқан қылмыстар және кәмелет жасына толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне байланысты қылмыстардың алдын алу мәселелері қаралды.

Кеңес отырысында құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары қатысты.

Жиында 2018 жылдың 11 айында қала аумағында жалпы тіркелген қылмыстар саны 18,6% (18 588-ден 15 122-ге) төмендегені аталып өтті.

Қала прокуроры М.Қожабаев өз сөзінде, адам өміріне заңсыз қол сұғушылықпен ұштасқан адам өлтіру қылмыс түрі 6,6 пайызға (30-дан 28-ге дейін) төмендегенімен, қасақана ауыр дене жарақаттарын келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған қылмыс түрлерінің 20 пайызға (10-нан 12-ге дейін) артқанын атап өтті.

Жанар Есенбекова