Шымкентте Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бір отбасы баспаналы болды. Жалғыз басты көп балалы анаға үйдің кілті тапсырылды. Ел тарихындағы елеулі мереке қарсаңындағы қайырымды іс «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қоры мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бірлесуімен қолға алынды.
Жалғызбасты ана Роза Базарбайқызы алты баласымен пәтерден пәтерге көшіп баспана тауқыметін әбден тартқан-ды. Басыбайлы үй арман болған мұқтаж жандар қазір пәтер кезегінде тұр. Алайда, қамқор азаматтар отбасының бүгінгі жай-күйін көріп бейжай қарай алмады. Басқарма тарапынан баспанаға мұқтаж ретінде ұсынылған отбасына қор есебінен су жаңа үй тапсырылды. «Қайыр қылсаң бүтін қыл» дегенді ескерген қайырымды жандар әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген отбасы балаларын «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қоры жанынан ашылған «Ізгілік» әлеуметтік дүкеніне алып барып, жазғы, қысқы киімдері мен аяқ киімдерін алып беріп мол сауап алды. Киім-кешекке қарық болған отбасына баспана кілті салтанатты түрде табыс етілді. Көптен арман еткен баспаналарына қол жеткізген қуаныш иелеріне басқарма мен жергілікті әкімдік өкілдері құтты болсын айта барды. Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлері алдағы уақытта бұл жандарға көп балалы отбасына тиесілі бар қамқорлықты көрсетіп, олардың тұрмысын түзеуіне қолғабыс жасауды жалғастырады.
Мақпал Рысбаева