Шымкентте республикалық маңыздағы қалаларға қатысты нормалар қолданылады

259

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының  әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар шаһар санатына жатқызылды. Оңтүстік Қазақстан облысы атауы Түркістан облысы деп өзгертілді және оның әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілді.

Конституциялық заң жобасымен «Қазақстан Республикасында сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңдарға өзгерістер енгізу көзделген. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзіне қарағанда, аталған заң жобасын қабылдау заңнамалық актілердің республикалық маңызы бар қалаларға қатысты нормаларын Шымкент қаласына да қолдануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының  әкімшілік-аумақтық құрылысы және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын екі оқылымда қабылдады.

«Бұл құжат кейбір заңдардың жекелеген нормаларын әкімшілік-аумақтық өзгерістерге сәйкес келтіруге бағытталған. Заң жобасында Шымкент және Түркістан қалалары үшін салық мөлшерлемелерін өзгерту бөлігінде Салық кодексіне түзетулер енгізу көзделген. Өзгертілген салық мөлшерлемесін бірден енгізбей, өтпелі кезең берумен 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу ұсынылады», — деді Т. Сүлейменов.

Бұдан бөлек, Түркістан облысы әкімшілік орталығының көшірілуіне байланысты Түркістан қаласының 12 ауылдық округі Кентау қаласына жатқызылды. Тиісінше, аталған ауылдық округтерге экологиялық үстемақыны сақтап қалу үшін «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңына түзетулер енгізіледі. «Бұл түзетулерді қабылдау үздіксіз әлеуметтік қамсыздандыру және халыққа мем

лекеттік қызметтер көрсету үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, осы түзетулер Шымкент қаласы мен Түркістан облысы мемлекеттік органдарының үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді», — деді Ұлттық экономика министрі.