Шымкенттіктер жаңа жылды қарсы алуға қызу кірісіп кетті. Сала мамандарының айтуынша биыл қаланы жаңа жылдық безендіру үшін бюджеттен 70 млн. теңге қаражат бөлінген.
Осы қаржыға Әл Фараби атындағы орталық алаң мен Әкімшілік іскерлік орталығына 15 метрлік екі шырша және қала көшелеріне кіші сәулеттік формалар орнатылып жатыр.
Әл Фараби алаңына биіктігі 15 метрлік жаңа шырша қойылды. Халық көп жүретін алаң, оның үстіне жанында жаңа арбат орналасқанын ескерген жергілікті басшылар биылғы мерекелік шаралардың негізгілері осында өтеді деп шешіпті.
Шыршадан бөлек, арбаттағы кіші сәулеттік бейнелер де мұнда өзара үйлесім тапқан. Көпшілік қазірдің өзінде әр күні кешкісін осында серуендейді.
Ал Әкімшілік іскерлік орталығына орнатылып жатқан шырша бұрын да қолданылған. Ол биыл үшінші рет пайдаланылмақ. Десек те, мердігерлер жасыл шыршаны көз тартарлықтай, тартымды етіп құрастыруға барын салып жатыр.
Нұрлан Бектұрсынов, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары: «Жаңа жыл қарсаңында қаланы безендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жуырда ғана ашылған арбатта жарықшамдармен көмкерілген, 12 «періште» орнатылды. Үйлердің жан-жағы да безендірілуде. Арбаттың бойында 40 шақты музыкалық дыбыскүшейткіш қойылды. Қаладағы Темірлан тас жолы, Бәйдібек би, Д.Қонаев, Ұ.Арғынбеков көшелері мен Астана даңғылында безендіру жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық орындарда күйме, киіз үй сынды кіші архитектуралық мүсіндер орнатылды».
Нұрлан Күдерұлы