Шымкентте «Президент шыршасы» тойланды

41

Шымкентте 300 балаға арнап «Президент шыршасы» өтті. Мерекелік кешке 9 бен 13 жас аралығындағы көпбалалы отбасының балалары, спорт пен оқуда озат оқушылар жиналды. Оларға керемет көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушылар, балғындарға бағалы сыйлықтар да табыс етті.

Шымкентте «Президенттің жаңа жылдық шыршасы» өтті. Мерекелік кешке 300 балақай қатысты. Соның бірі жалғызілікті әкесінің қолғанаты – Айша Қарабек. 5 сынып оқушысы 60-тан аса байқаудың жеңімпазы атандым дейді. Биыл кішкентай арудың бірқатар арманы орындалыпты.

«Балериналар, ергежейлілер, кішкентай бөпелер билеп жатыр. Қатты ұнады. Жаңа жылдарыңызбен. Биыл арманым орындалды. Маған үй сыйлады. Әкеме Ырысбала Икрамбай машина әперді. Ал осындай мереке ұйымдастырып берген Қазақстанымыздың Президенті Қ. Тоқаевқа көп рақмет. Біз сіздерді жақсы көреміз», – дейді 5 сынып оқушысы Айша Қарабек.

Көңілді кеште балақайлар үшін Аяз ата мен Қарша қыз қызықты қойылымдарын арнады. Ал қала басшысы шара қонақтарын жаңа жылымен құттықтап, сыйлығын табыс етті.

«Жаңа Жыл жағымды жаңалықтарға, жаңа жеңістер мен толағай табыстарға бай жыл болсын! Әр күндерің бір жақсылықпен басталып, бір жеңіспен аяқталатын болсын! Келе жатқан жаңа 2024 жыл – ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен тілек-ниеттеріңіз орындалатын жарқын да көңілді жыл болсын» – дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Салтанатты шараға 9 бен 13 жастағы көпбалалы отбасы балалары мен спортта, шығармашылық пен оқуда озат оқушылар қатысты. Керемет кештің әрбір қатысушысына 100 мың теңгеден ақшалай сертификат тарту етілді.

«Әр балаға 100 мың теңгеден бердік. Ол ата-аналарының картасына аударылды. Сонымен қатар қазақ,орыс, ағылшын тіліндегі «Атамекен» аңыздар кітабы мен тәтті сыйлықтар берілді» – дейді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.

Дәстүрлі «Президент шыршасында» көңілді аниматорлар, ергежейлілер биі мен құбылта ән шырқаған өнер иелері балақайларға арнап, мерекелік атмосфера сыйлады.