Шымкентте жас жанұялардың ажырасу мәселесі кемуі мүмкін

770

Үшінші мегаполисте отбасы құндылықтары мен тұрмыстық таным тақырыптары жиі көтеріліп келеді. Тіпті түйінді мәселелердің шешілуі үшін ауқымды кеңестер өтіп,  жастар арасында түсіндірме жұмыстары да қолға алынған. Бір емес, бірнеше семинар-сабақтарына өзіміз де қатысып, куә болдық. 

«Отбасы — жанұя жарасымы» атты кезекті жоба жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері арасында өрбіді. Игі бастаманы Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша, «Space solutions» компаниясы  ұйымдастырған-ды.

Іс-шараға «ABRIS» тренинг орталығының директоры Мергенбай Ақан, «Ресурстық инклюзивті білім беру және психологиялық көмек беру» орталығының жетекшісі, арт-терапевт, тәжірбиелі психолог Гульнара Айтжанова, «Студенттерге психологиялық көмек көрсету» орталығының бас маманы Айзат Барова арнайы шақырылған.  Семинардың төрінен табылған сала мамандары алдымен отбасында ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас жайлы, перзенттерінің жас ерекшеліктеріне тиесілі психологиясы, олардың жеке атқаратын рөлінің маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ, жас отбасыларға не себепті ажырасу қаупі төнетіндігі және сол кемшіліктедің қалай алдын алуға болатындығы жөнінде айтып, дерек-дәйектерге толы баяндамаларын оқыды.«Осы семинар-тренингтен отбасы мүшелерінің рөлі жайлы пайдалы кеңестер ала отырып, болашақта қыз балаға тұрмысқа шығар алдында «Әйел. Келін. Ана» деп аталатын маңызды ұғымның дайын болу керектігін түсіндім. Мұндай семинар-сабақтар жиі өтетін болса, біз секілді әрбір жас жауапкершілігі мол тұрмыстық өмірге қадам басар алдында көптеген қажетті ақпараттардан хабардар болар еді» , — деді семинардың қатысушысы Айгерім Ақжол.

Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, осынау ауқымды жобаның мақсаты — білікті мамандардың өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, жастар арасында отбасылық құндылықтарын насихаттау, жар таңдау мәселесінде ақыл-кеңес беру, ажырасу секілді қоғам кеселінің алдын алу.Сонымен, «Отбасы — жанұя жарасымы» атты жобаға қаламыздағы жоғарғы және арнаулы орта  оқу орындарының студенттері жұмылды. Барлығы 4000-ға жуық жас қатысып, сала мамандарымен пікір алмасты және көкейінде жүрген көптеген сауалдарға жауап ала алды. Ал Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшылығы мұндай маңызы мол семинар-сабақтар алдағы уақытта жиі қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асатынын айтып отыр.

Мөлдір Бекеева