Шымкенттік жомарт жан тұрмысы төмен 200 отбасыға азық-түлік таратты, деп хабарлайды Elitar.kz.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында кәсіпкер Саухан Аташбекұлы қайырымдылық шарасын қолға алды. Ол өз отбасы атынан әлеуметтік жағдайы төмен 200 шаңыраққа 2 млн теңгенің азық-түлігін үлестіріп берді. Негізі бұл қайырымдылық акциясының бастау алғанына бір апта болған.
Қалталы азамат бұған дейін Шымкент пен Түркістан қалаларындағы мұқтаж отбасыларға қаржылай сыйлық пен тұрмыстық техника табыстаған. Бүгін Шымкенттегі Айтбек ата мешітінде азық-түлік пен кілем таратты.
Саухан Аташбекұлы мұндай игі іс алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп отыр.
Мешіт имамы шымкенттік жомарт жанның бұл әрекеті өзгелерге үлгі болса екен деген тілегін жеткізді.
«Саухан ағамыз тек көмекке зәру отбасыларға емес, қаладағы бірнеше мешітке де демеушілік көрсетіп келеді. Жылына бірнеше рет қайырымдылық шарасын өткізеді. Негізі Алла тағала кімде-кім тапқан табысының бір бөлігін садақа етіп берсе, ол оның өзін және отбасын түрлі жамандықтан сақтайды дейді. Әрине, ағамыздың бұл игі ісі өзгелерге үлгі болса деген тілек бар. Бәрімізге Жаратқан мамыражай өмір сүруді ұзағынан сүйіндірсін»,-деді мешіт имамы Есалы Тәжібаев.