Шымкенттің мәртебесін биіктеткен жыл

510

2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласы 2018 жылы жаңа мәртебеге ие болды. Халық саны миллионға жеткен шаһар биыл мегаполис атағын алып, дербес қалаға айналып отыр. Тарихқа түрен салып, түрленгелі жатқан мекеннің алдағы жоспары мен бағыты нақты. Президент артқан тапсырманы жүйелі түрде атқарып, мегаполис атағына лайықты болу.

Осылайша маусымның 19 — жұлдызында Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалаға айналды. Ал, үшінші мегаполистің жаңа әкімі ретінде көпшіліктің сүйіспеншілігіне ие болған бұрынғы әкім тағайындалды. Араға 1 жыл салып шырайлы қалаға қайта оралған Ғабидолла Әбдрахымовтың келуіне көпшілік те дән риза болған еді.

Бұл өзгеріс шымкенттіктерге серпін берді. Туған қаласының статусы өскеніне қуанды. Дамуына үлес қосуға асық. Әсіресе, жастар қаласы атанса дейді.

Бұқара тілегі мен ниеті тек жақсылыққа саяды. Ал, билік басындағылардың нақты жоспары қандай? Бұл жайында қала әкімі ашық айтып жүр. Мегаполистің экономикалық жағдайын көтеріп, сәулетін жақсартуды көздейді. Жоспары да тың.

Елордада есеп берген Ғабидолла Әбдірахымов қала көркінің одан әрі әсемдене түсетінін жеткізген еді. Мәліметінше, Шымкентте Конгресс холл, жөндеуден өткен стадион және жаңа әуежай қолданысқа берілмек. Жаңадан бой көтеретін аэропорт тұрағынан шымкенттіктер Мәскеу, Қазан, Анталияға бағыт алады. Ал, Дубайға алыс-жақын елдерден келген қонақтар мен жерлестеріміз 3 сағатта жетпек.

Сондай-ақ, алдағы жылы қала тұрғындарының игілігіне 1000-ға жуық автобус берілмек. Ал, су жаңа қоғамдық көліктер А. Байтұрсынов, Т.Рысқұлов және Түркістан сынды жөндеуден өткен көшелерден өтеді. Сәулеті мен сәні одан әрі көркейе түсетін қаланың кішкентай тұрғындары да назардан тыс қалмақ емес.

Бюджет көлемі үлкейген шаһарда “Шымсити” қалашығы да салынуда. Бой көтеріп жатқан жаңа ауданда бұрын соңды болмаған “Хайвел” де тұрғындар қолданысына беріледі. Түбірімен түрленіп жатқан мекеннің жаңашылдықтары мұнымен бітпек емес. Тарихы тереңде жатқан Қошқар ата өзені де мегаполис атына лайық болады деп күтілуде.

Бұл жылы шымкенттіктер есінде ерекше қалғаны Арбат болса керек. Көпшілік игілігіне берілген серуен орны бұрынғы Бейбітшілік көшесінде ашылды. 1 — желтоқсанда табысталған орын қайталанбас әсемдігімен көз тартады. 12 періште бейнеленген шамдар да бұрын соңды қаламызда болмаған. Қала әкімінің айтуынша жоғарыда жарқырап тұрған періштелер шаһарды жамандық атаулыдан қорғамақ.

Миллион тұрғыны бар Шырайлы шаһардың алдына қойған межесі биік. Нақты мақсат жасыл желекті қаланың сәулетін одан әрі көркейтіп, сәнін келтіру. Тұрғындарына қолайлы жағдай жасап, мәдиениетін арттыру. Алдымызда тұрған қос қаладан кем түспей мегаполис атағына лайықты болу.