Шымкенттік оқушылар кәсіпкер болуға дағдылануда

330

Шымкентте алғашқы кәсіпкерлік негіздері мектеп партасынан бастап оқытылатын болады. Ол үшін жоғары сынып оқушыларына табысты кәсіпкерлер дәріс оқиды. Бизнес баспалдағын қалай бастау керектігі жөнінде тәлім береді. Алғашқы қанатқақты жоба Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп — гимназиядан бастау алды.

Аталған мектеп — гимназияда сабақ аптасына екі рет өткізіледі. 1 сағатқа созылатын пән барысында кәсіпкерлер бизнесті қалай бастау керектігі жөнінде толыққанды мәлімет береді. Кофехана желілерінің және әлеуметтік жобалардың иесі Тоқтар Әлімбеков алдымен психологиялық дайындық қажет деп есептейді.

Тоқтар Әлімбеков, кәсіпкер: «Алғаш кәсіп бастағанда адам кедергілерге тап болуы мүмкін. Білімі жетпеуі мүмкін. Оның бәрі де ары қарай дамуға кедергісін келтіреді. Шетелге мен бір өзім кеттім. Алғашқы кезде қиын болғаны рас. Кемшілігіңді айтатын тәлімгерім де болған жоқ. Мектепте оқып жүрген кезімде осындай шараларды көптеп өткізу туралы жоспарларым бар болатын».

Оқу курсы 68 сағатты құрайды. Бағдарламаның 40 пайызы теориядан тұрса, 15 пайызы кейс, 45 пайызы тәжірибелік сабақтар. 9 сынып оқушысы Нұрила Бектемірқызы бизнес — жоспар жасауды бастап та қойды. Ол анасына гүл бизнесін ашып беруді армандайды.

Нұрила Бектемірқызы, оқушы: «Менің анам гүл өсірумен айналысады. Алдағы уақытта ол гүл сатуды да қолға алса деймін. Көптеген кәсіпкерлердің әңгімесін тыңдай отырып, алдымен моральдық тұрғыда дайындалып алу керектігін түсіндім. Одан кейін бизнес — жоспар жасау қажет. Жалға алатын ғимарат табу керек. Қазір қажетті соманы қарастырып жатырмын”.

Қанатқақты жоба барысында мұғалімдер экономика негіздерін де оқытатын болады. Аталған жоба «Атамекен» ұлттық палатасының бастамасымен, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Алғашқы қанатқақты жоба Т.Рысқұлов атындағы мектеп гимназиядан бастау алды. Жыл басынан бері жаңа пән әр аймақта бір-бір мектепте ендіріліп келеді.

Ақниет Әбдіқадырова, Кәсіпкерлер палатасының өкілі: “Кәсіпкерлік негіздерін» мектеп қабырғасынан бастап оқытатындай базалық тәжірибелер жеткілікті. Аталған сабақ барысында кәсіпкерлер жеткен жетістіктері туралы айтып қана қоймай, кедергілер туралы нақты мысалдармен келтіреді. “Кәсіпкерлік негіздері” пәні келешекте кәсіпкер боламын дегендерге нағыз қажетті дүние. Табысты кәсіпкерлер атсалысқан пән кітаптары да бар”.

Мамандар мектеп партасынан бастап адам капиталын дұрыс бағыттау қажет деп есептейді. Оқушылардың алдымен кәсіпкерлік қабілетін арттыру маңызды.

Гүлжан Көшерова