Түркістан облысы мен Каспий конвенциясы — Абаев 2018 жылдың ең басты жаңалықтарын атады

245

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстан үшін 2018 жылдың ең ауқымды әрі есте қаларлық үш оқиғасын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлбетте, жыл жемісті болды, жеңістер мен жетістіктер молшылық. Қазақстанның шежіресі үшін 2018 жыл ерекше есте қалары айқын. Біріншіден, біздің елдің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуін ерекше атап өтер едім. Бұл — жаһандық әрі геосаяси күн тәртібін белгілейтін әлемнің ең ірі халықаралық ұйымының басты органы. Сонымен бірге, бұл ретте өз Тәуелсіздігін бар болғаны 30 жылдай уақыт бұрын ғана алған мемлекеттің оны басқару мүмкіндігіне ие болуы — ілуде бір кездесетін жағдай. Бұл нені білдіреді? Бұл ең алдымен біздің елдің, Президентіміздің абыройын, көпвекторлы саясаттың тиімді екенін көрсетеді», — дейді Абаев «Хабар» телеарнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, Қазақстандағы айтулы жаңалықтың екіншісі — Шымкент қаласының республикалық маңызға ие болып, Түркістан облысының құрылуы болып отыр.

«Бұл ретте Мемлекет басшысы уақтылы әрі тиімді шешімді қабылдағанын атап өту керек. Бұл демографиялық саясат тұрғысынан да, экономикалық тұрғыда да тиімді шешім. Аймаққа инвестиция тартуда да өз пайдасын тигізері анық. Түркістанның бүкіл түркі әлемінің рухани ошағының бірі екенін ұмытпау керек. Түркістан — біздің елдің ең танымал әрі этномәдени бренді. Біз оны ары қарай дамытып, туристер үшін ғана емес, түркі әлемінің зерттеушілері мен тарихшылары үшін де танымал ете түсуіміз керек», — дейді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, үшінші маңызды оқиға — Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылуы.

«Осы конвенция Каспий теңізінің жағасындағы бес мемлекеттің 25 жылдық келіссөзіне нүкте қойды. Бұл құжат аталмыш елдерге Каспий теңізінің ресурстарын қолданып қана қоймай, ең алдымен Қазақстанның халықаралық шекарасын бекемдеуге нүкте қояды. Осынау тарихи құжат — Қазақстанның келешектегі буыны үшін аса ауқымды мұра болып қалады деп ауыз толтырып айтуға болады», — дейді министр.