Тәуелсіздік күнінде 45 шымкенттік мемлекеттік наградамен марапатталды

345
shymkent.gov.kz

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шараны қаланың зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер, барлық саланың мамандары, еңбек азаматтары мен қала тұрғындары тамашалады.

Мерекелік шараға қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қала тұрғындарын еліміздің Егемендік алған күнімен құттықтап, Тәуелсіздік – бабалар аңсауымен, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең екенін айтып өтті.

«Бұл күн отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Қазір біз балалар мен бабалар сан ғасырлар аңсаған бейбіт тәуелсіздік елде өмір сүріп отырмыз. Ынтымақты ұран етіп, татулықты ту еткен қазақстандықтар биыл тәуелсіздіктің 27 жылдығын тойлап отыр. Егемендікті алған алғашқы жылдары экономикалық дағдарыстарды жеңу және халықтың әл-ауқатын көтеру бірінші кезекте тұрды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық көреген саясатының арқасында Қазақстан экономикасы дамыған, саяси тұрақты, дамыған елдермен терезесі тең дәрежеге жетіп, ынтымағы жарасқан көп ұлтты мемлекетке айналды»,-деді әкім.

Сонымен қатар, салтанатты шарада ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Шымкент қаласының 45 азаматы ҚР Мемлекеттік наградамен марапатталды.

Салтанатты басқосуда ҚР эстрада жұлдыздары Марат Омаров пен Мадина Садуақасова әннен шашу шашса, қаламыздың өнер майталмандары ән мен билерін тарту етті. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға 400-ге жуық өнер майталмандары жұмылдырылды.