Түркістан облысының жыл үздіктері марапатталды

451

Тарих парағына алтын әріптермен жазылып қалатын Түркістан облысы жыл үздіктерін анықтады. Бүгін облыс орталығында өнеркәсіп, кәсіпкерлік, әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығының үздіктері марапатталып, мерейі тасыды.

Күнгейді анимациялық фильмдер отанына айналдырған Батырхан Дәуренбеков лайықтылардың қатарынан табылды. Аниматор – аталарының «Томпақ», «Қалқанқұлақ» туындылары бүгінде бүлдіршіндерді теледидардың алдына қазық етіп байлаған. Сүйікті туындыларының бірі. Одан бөлек «Төле би» атты тарихи туындыны түсіріп, көрермен ықыласына бөленді. «Жылдың үздік режиссері» атауына нағыз лайықтының өзі.

Батырхан Дәуренбеков, «Жылдың үздік режиссері-2018» марапатының иегері: «Рухани жаңғыруға» байланысты облысымзда көптеген тарихи туындылар түсірілді. Оның ішінде «Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Оқсыз оқиғасы» сынды мультфильмдер бар. Облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылды. Ол үшін алғыс айтамыз. «Төле би» тарихи туындысын түсіру өте қиынға түсті. Өйткені тарихи фильмнің айтары өте көп».
Ірі кәсіпорын басшыларынан бөлек қарапайым ауыл еңбеккерлері де марапаттан құр қалмады. Еңбектің еленгені де аса үлкен құрмет. Түлкібас ауданындағы Арыс ауылдық округіне қарасты Керейіт ауылы «Үздік ауыл-2018» марапатына лайық деп танылды. Әлеуметтік мәселелерінің барлығы шешімін тапқан, өндірісі өрлеген, ынтымағы ұйыған ауылдың абыройы асқақтады.

Қанат Қайранбаев, Түлкібас ауданы Арыс ауылдық округінің әкімі: «Ауылымызда әлеуметтік мәселелердің бәрі шешімін тапқан. Биыл 8 млн. теңге қаражатқа демеушілер көпір салып, жарық тартты. Елдімекендерде ірі компаниялар бар. Ауылдың 100-ден астам тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Ауылымызда асыл тұқымды бекіре балығы өсіріледі. Қайта өңдеу цехы жеті түрлі өнім шығарады. Күніне 20 мың дана пакетке құйылады. Облысымзды, республиканы қамтудан бөлек, Қытайға экспортталуда».

Тер төгіп, адал еңбек етудің өтемі ел алғысымен өлшенбек. Марапатқа ие болғандардың барлығының да қоғамның бір саласында тамшыдай болса да үлесі бар.

Г.Жұмаш