Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыс орталығы — Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеріп жатқан бес қабатты 26 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. 1536 пәтерден тұратын баспаналардың 1200 пәтері (20 тұрғын үй) арендалық үйлер болып табылса, қалған 6 тұрғын үй, яғни 336 пәтер кредиттік баспаналарға жатады.
Іргетасы осы жылдың қыркүйек айында қаланып, мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан 60 пәтерлі 20 тұрғын үйдің 11-і (660 пәтер) 2019 жылдың сәуір айында тапсырылады. Қалған 9 тұрғын үй (540 пәтер) құрылысы қараша айында басталған-ды. Тапсырылу мерзімі келер жылдың қараша айына жоспарланған.
Ал кредиттік көпқабатты 6 тұрғын үйдің (336 пәтер) құрылыс жұмыстары «Түркістан ӘКК» АҚ және жеке салушы есебінен жүргізіліп жатыр. Нысандар 2019 жылдың маусым айында пайдаланылуға беріледі.
«Барлық пәтерлер «7-20-25» бағдарламасы аясында бой көтереді. Сондықтан, халыққа берілетін баспаналардың сапасына мән беріп, мерзімінде аяқтау жұмыстарын назарға алыңыздар. Бүгінге дейін шаһардағы «Отырар» шағын ауданында қысқа мерзімде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 280 орындық балабақшаның құрылысы жүргізіліп, 2018 жылдың қыркүйек айында халық игілігіне ұсынылады. Ендігі кезек нақ осы шағын ауданда бой көтеріп жатқан 900 орындық мектептің есігін жаңа оқу жылына дейін ашу міндеті тұр», — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, «Отырар» шағын ауданындағы 20 тұрғын үйдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы (жылу-, су-, кәріз-, байланыс желілері) және абаттандыруы бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2019 жылдың қараша айында аяқталуы тиіс.
Өңір басшысы аймақтағы құрылыс саласына жауапты басшылармен өзара әңгімеде әкімшілік-іскерлік орталықтың 7,25 га жер теліміне үш әкімшілік нысанының құрылыс жұмыстары басталғанын да айтып өтті. «BI group» ЖШС-і инвесторы болып табылатын жобаны пайдалануға тапсыру 2019 жылдың желтоқсанына көзделген. Сонымен бірге, іскерлік кездесуде бес жұлдызды «Риксос» қонақ үйінің құрылыс жұмыстары да тиісті деңгейде атқарылып жатқаны сөз болды.
Жалпы, Түркістан қаласының бас жоспары бекітілгеннен соң инвесторларға, «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына ат салысуға ниет білдіруші құрылыс компанияларына қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер телімдері ұсынылатын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі