19 желтоқсан күні Түркістан қаласының бірнеше тұрғыны облыс әкімі Ж.Түймебаевтың қабылдауында болды.
Тарқата айтсақ, облыс орталығы болған Түркістан қаласында жаңа жоспарға сәйкес көптеген құрылыс нысандары салынады деп жоспарланып отыр. Осыған орай, ситуациялық сызбадағы 98 гектар жерді құрайтын екінші аймақ аталатын «Рухани-мәдени орталық» аймағына қажетті жерді дайындау мақсатында мемлекет мұқтаждығы үшін 171 нысанды (13 кәсіпкерлік, 158 тұрғын үй) қала әкімінің 2018 жылғы 16-қазандағы №1370 және 27-қарашадағы №1604 ««Мемлекеттік мұқтаждық үшін жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулыларына» сәйкес жерді қайтару жұмыстары жүргізілуде. Аталған қаулы басылым бетінде жарияланып («Түркістан», «Туркистон» газетінің 2018 жылғы, 19 қазан, №42 санында), заңға сәйкес тұрғын үй иелеріне ескерту қағаздары таратылған. Аталған 171 нысанға акт толтырылып суретке түсірілген. Оның ішінде 165-нысанның құжаттары толық жинақталып, бағалау жұмыстары жүріп жатыр.
Бүгінгі таңда 90 үйдің бағалау жұмыстары толық аяқталды. 33 үйдің иелері келісімін берді.
Қабылдауға қатысушыларды облыс әкімі Ж. Түймебаев қабылдап: «Түркістан — туризм, түркі халықтарының орталығына айналсын деп жатырмыз. Ол үшін айналадағы ескі үйлердін орнына жаңа ғимараттар бой көтеру керек. Ал бұрынғы тұрғындарға нарыққа сай жылжымайтын мүлкіне қаржы, жер телімі не баспана берілетін болады», — деді.
Өз кезегінде Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев: «Барлық тұрғынға заң аясында жердің әр сотығына 515 мың теңге беріледі, сондай-ақ, тұрғын үйлер бөлек бағаланып, бағасына сай қаржы бөлінеді», — деп мәлімдеді.
Қазіргі таңда заңға сәйкес, мемлекет мұқтаждығы үшін жер телімдерін қайтару және бағалау жұмыстарына келіспеген тұрғындармен түсіндірме іс-шаралары жүргізілді. Қала әкімінің және тиісті бөлім басшыларының, құқық қорғау органдарының, қала прокуратурасы өкілдерінің қатысуымен (18-желтоқсан 2018 жылы, Мәдениет үйінде 70 азаматтың қатысуымен) мәжіліс өткізіліп, жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, келіспеген тұрғындармен арнайы өтініштері бойынша жұмыс істеу үшін 2018 жылғы 14-желтоқсандағы №780 қала әкімінің өкімімен 29 адамнан құралған комиссия жұмыс істеуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі