Төлеби ауданында шаңғы фестивалі өтті

333

“Тау самалы — жан самалы!” 2018 жылды қорытындылаған фестиваль осылай аталды. Саяхатты жақсы көретіндер мереке қарсаңында Төлеби ауданындағы «Алатау» тау шаңғы базасына жиналды. Ішкі туризмді дамытуда өзіндік орны бар демалыс аймағында шаңғы теуіп, шанамен сырғанағандар жерлестерін осында шақырады. Мұнда бір мезетте 3 мыңдай адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік бар.

Осыдан 14 жыл бұрын қолға алынған кемпингке келушілер жылдан жылға артқанымен, жүйелі жұмысты ширату қажеттігі бірден байқалады.

Төлеби ауданына 11 айда 28 мыңнан аса саяхатшы келіп үлгерген. Жыл басынан бері жаңадан 3 туристік нысан іске қосылды. Олардың бірі балаларға арналған. Жалпы, 70-ке жуық нысандардағы баға мен қызмет сапасы реттеліп, ондағы мамандардың туризмді дамытудағы жауапкершілігі артса, шетелдерден мыңдаған қонақтар келері анық.

Жыл он екі ай өткізілген түрлі фестивальдердің қорытындысы қысқы спорт ойындарынан басталды. Төлебиден шыққан чемпиондар ізбасарларына тілек туын табыстап, марафонды бастап жіберді.

Шаңғышылар мен шана тебуді құмартатын үлкендер де, балалар да осында. Қанатты жолдың биігінен сырғанап шеберлігін танытқандар арасында Аяна да бар. Фристайл акробатикамен айналысқанына 7 жыл болған ол әзірге басқа елдерде жаттығып жүр.
“Өзімізде де сондай орындар ашылса, әрине, өз жерімізде жаттыққымыз келеді” дейді ол.

Жансейіт Қансейітұлы шаңғы тебуде кәнігі спортшыдан кем еместігін байқатты. Трассада өзін емін-еркін ұстаған облыс басшысы, тіпті, оның қай тұсын реттеу қажеттігін бірден байқаған.

2004 жылы шағын ғана қанатты жол ретінде іске қосылған аймақта бүгінде бірқатар жұмыстар қолға алынған. Шағын үйлер, демалушыларды тиісті орындарға тасымалдау және асхана барлығы бар. Алайда, қызмет көрсету деңгейін жақсарту қажет-ақ.

Тау — фестте қысқы спорттың дамуына атсалысып, өңірдің намысын қорғап жүрген жастар марапатталды, сертификаттар берілді. Бұл өрендерді барынша баптап, жағдай жасасақ, ұтарымыз анық. Тілшілер қауымы жылды қорытындылаған фестивальде аудандарда ұйымдастырылған маусымдық шаралар осымен ұмытылмай, дәстүрге айналса деген ұсыныс, тілектерін айтып тарқасты.

Зәуре Оралбаева