Шымкент қаласының «Көрме» орталығында «Халықтық заңгер» жалпыреспубликалық акциясы өтті. Акцияны ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев ашып, тұрғындарды кез келген сұрақтарды қойып, мықты мамандардан кеңес алу мүмкіндігін жібермеуге шақырды.
Акция барысында түрлі салалардағы 60-тан астам мамандар, атап айтқанда, Ұлттық Бюро, прокуратура, әділет, мемлекеттік кірістер, полиция департаменті, сот органдарының қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың заңгерлері, кәсіби адвокаттар мен нотариустар 1000-нан астам тұрғындарға кеңес берсе, соның ішінде, Департамент басшысы Ә.Көмекбаев та халыққа құқықтық көмек көрсетті.
Атап өту керек, биыл «Халықтық заңгер» акциясы Қазақстанда ғана емес, әлемде теңдесі жоқ жаңа форматта өтуде.
Яғни, акция бір күнде, бір уақытта еліміздің 19 ірі қаласында ұйымдастырылды.
Олардың қатарында Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Өскемен, Петропавл, Орал, Қызылорда, Көкшетау, Талдықорған, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Тараз, Қостанай, Павлодар, Балқаш, Семей шаһарлары бар.
Бұл дегеніңіз жалпы бір уақытта 1000-ға жуық сарапшы халыққа көмек көрсетеді.
Осыған орай «Халықтық заңгер» жалпы республикалық акцияны ұйымдастырушылар, шараны «Халыққа бір мезгілде тегін құқықтық кеңес беру» номинациясы бойынша «Гиннестің рекордтар кітабына» енгізуге өтініш берді.
Өтініш қабылданып, қазіргі уақытта Гиннестің рекордтар кітабының комитеті өтінішті қарап жатыр.
Акцияның мақсаты — халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заңгерлік көмек ұсыну болып табылады.
Акцияны Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, «Параграф» ақпараттық жүйесі, Zakon.kz желілік басылымы ұйымдастырды.