Күн суытқанда жұмыс істеген ыңғайлы сияқты…Темірлан тас жолы мен Мангелдин көшелерінің қиылысындағы жер үсті өткелінің құрылысы қайта басталды. Жұмысшылар темір конструкцияларды құрастыруға кіріскен.

«Жаңа шаһар» аумағындағы жер үсті өткелі

Сақалды нысанға айналған бұл жобаға    енді өзгерістер  енгізілмейді,-дейді жауаптылар . Тапсырыс беруші -Шымкент  қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасындағылар нысан алдағы жылы толықтай аяқталатынына сенімді.

Абай Тұрханов

Абай Тұрханов, Шымкент қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары: «Темірлан тас жолы мен Мангелдин көшесі қиылысындағы жер үсті өткелінің құрылысы 2016 жылы басталған болатын. Құрылыстың баяу жүруіне бірнеше фактор кедергі болды. Алғашқысы – жер астындағы коммуникациялар және нысанның негізгі көшеде орналасуы. Бас мердігер өзгерген жоқ. Жобаның құны 215 млн. теңге. Екі жылда соманың 140 млн. теңгесі игерілді. Қалған сомасы келесі жылда бөлінеді. Нысан өтпелі».

Ал осы жолдан күнделікті өтіп, талай қиналған тұрғындар жер үсті өткелінің құрылысы тоқтаусыз жасалатынына сенуден қалған. Көлік жүргізушілері де бір емес, бірнеше рет тоқтаған жұмыстардан үмітін үзгендей.

Қала тұрғындары: «Бітсе жақсы ғой, әйтпесе жол апаты жиілеп кетті. Балаларға да жақсы болатын еді» десе, енді бірі «бұл нысан тіпті қажет емес. Құрылысты аяқтамай-ақ қойсын. Ол жермен жүрмейміз. Шығуға аяғымыз шыдас бермейді» дейді.

Абай Тұрханов: «Осындай арыз- шағымдарды ескеріп, эскалатор салатын болдық. Сондықтан да жобалық-сметалық құжатқа  өзгерістер енгізілді. Алайда сома сол баяғы 215 млн. теңге күйінде қалады. Мердігер  компанияның жұмысшылары  алаң бекітілетін темір конструкцияларды құрастыруда. Желтоқсанның аяғында қаңтар айының басында Мангелдин көшесінен өтетін құрылым бітеді. Ал Темірлан тас жолы бойынан темір  өткелді орнықтыру ақпан айына жоспарланды. Жалпы нысан 2019 жылдың шілдесінде пайдалануға тапсырылады».

Сөйтіп, нысанды тапсыратын тағы бір мерзім жарияланып отыр. Ол да келер… Жер үсті өткелі орналасқан жолдың мегаполистегі негізгі трассалардың бірі екенін ескерсек, расында да 2019 жылы оны пайдалану мүмкіндігі туар. Үміттенейік!

Шынар Оразова