Жаңа жылда тамақтан уланудың алдын алу жұмыстары жүргізілуде

530

Бүгін Түркістан облысы және Шымкент қалалық денсаулық сақтау департаменттері жаңа жыл мерекесі қарсаңында улану оқиғаларының алдын алу мақсатында арнайы брифинг ұйымдастырды. «Жаңа жылды өз денсаулығыңызға зиян келтірмей қарсы алайық» тақырыбын басты ұстын еткен мамандар тамақтан уланудан өзге, ойыншықтар, жаңа жылдық сыйлық, пиротехникалық заттар сатып алуда абай болу қажеттігін ескертті.

Қоғамдық денсаулық сақтау саласының тізгінін ұстағандар жылдың басты мерекесінің алдында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқандарын айтып өтті. Бүгінде ғаламтор арқылы тағамға тапсырыс беретіндердің көбейіп отырғандығына алаңдаушылық білдірді. Расында үй жағдайында ауру адам дайындады ма, тазалық шараларын сақтайды ма ол жағына мән бермей сатып алатындар өз денсаулықтарына немқұрайлы қарайтындығына қынжылыс білдірді. Тағамды да, ойыншықты да, пиротехниканы да арнайы дүкендерден сатып алу қажет дейді мамандар.

Жұмағұл Медетов, Түркістан облыстық денсаулық сақтау депратаменті басшысының орынбасары: «Пайдалану мерзімі өтіп кеткен тағамдарды сатып алады. Оны кейде арзан етіп береді. Соған қызығып алып ертеңгі күні уланып қалуы ғажап емес. Осы жағына көңіл аудару қажет. Сертификаты бар тағамдарды сатып алу керек. Кез -келген дүкеннен тағам сатып алғанда тауардың құжатын сұрауға құқылы. Сатушы сатып алушының айтқанын көрсетуі тиіс заң бойынша».

Мереке аяқталғаннан кейін астан уланып келгендердің жартысы тағамды тастауды обал көріп, сақтап жегендер. Салаттарды тоңазытқыштан бір тәуліктен көп ұстауға болмайды, ал майонез қосылғандарды алты сағаттан артық сақтамаған жөн. Мамандардың айтар кеңесі осы… Тағамнан улану оқиғаларынан бөлек жаңа жылдағы басты ауыртар басты мәселенің бірі жарылғыш заттар. Жыл сайын пиротехникадан жарақаттанатындардың қатары азаймай отыр. Мамандар оны сатып алғанда да абай болуы қажеттігін тағы да ескертіп өтті.

Арапкүл Ізбасарова, Шымкент қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Базарға барсаңыз пиротехниканы сату 10 күн бұрын басталды. Олар да ойыншықтар секілді әр елден әкелінген тауарлар. Олардың да сертификатын талап етуіміз керек. Алайда ойыншықтар сияқты пиротехникаға Кеден одағы аясында арнайы регламент бекітілмеген. Дегенмен оны алған кезде сақ болу қажет. Арнайы нұсқамасы болуы керек».

Бүгінде аудан-аудандарда, мектептерде, халық көп шоғырланған орындарда мамандар арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бәрі де жаңа жылда сақтық шараларын естен шығармау үшін. Жаңа жылды жақсы өткізу абай болудың алғы шарты дейді мамандар…