Журналистер Одағының Шымкент қаласындағы филиалының төрайымы сайланды

817

Республикалық маңызы бар қалалардың қатарына енген Шымкент қаласындағы өзгерістер БАҚ саласына да жаңалық алып келді. Бүгін Қазақстан Журналистер Одағының Шымкент қаласындағы филиалы ашылды.

Жалпы жиынға Шымкенттегі Журналистер Одағының мүшелері, ардагер қаламгерлер қатысты. Одақтың облыстық филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова Қазақстан Журналистер Одағы басқармасының шешімімен Шымкент қаласында жаңа филиал ашу туралы Одақ төрағасы С.Матаевтың хатымен таныстырды.

Бұдан кейін Одақтың қалалық филиалының басшысын сайлау жиналысы «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібайдың төрағалығымен өтті. Алдымен Одақ мүшелерінің ұсынысымен филиалдың Алқасы сайланды. Алқа құрамында Ғалымжан Елшібай, Ерсұлтан Əмірбек, Əсет Əссанди, Жарқынбек Төлтебай, Балтабек Түйетаев, Ілияс Жолдас, Талғат Балтабаев, Сəбит Тастанбек жəне Нұршат Төкен бекітілді.

Бұдан кейін Одақ филиалының Алқасы мен мүшелері үміткер Айгүл Жарылқасынқызына дауыс беріп, бірауыздан Журналистер Одағының Шымкент қаласындағы филиалының тұңғыш төрайымы болып сайланды.

Жиын соңында белгілі қаламгер, Шымкент қаласының Құрметті азаматы Серік Жанəбіл тілшілердің жұмысына сәттілік тілеп, ардагер журналист Байдулла Қонысбек бата берді.