Қаратау ауданының әкімі халыққа қандай уәде берді?

171

Қаратау ауданының көрік-келбеті алдағы уақытта бұрынғысынан да ажарланып, жасыл қаланың аумағы артады. Бұл үшін қазынадан миллиондаған қаржы қаралып, жүгенді жобалар жүзеге асырылып жатыр. Оған қоса, жүздеген заңсыз сауда орындары алынып, мыңнан астам жарнамалық тақтайлар жойылған. Осындай ақпаратты бүгін Қаратау ауданының әкімі Исамидин Қантөреев елге есеп беру жиынында жариялады.

Аудандағы атқарылған жоба-жұмыстарды жіпке тізіп, жіліктеп баяндаған әкімді халық та құп көріп, ұйып тыңдады. Әкім алдымен жыл бойы жұмсалған 632 миллион теңгенің жай-жапсарына тоқталды. Айтуынша, оның 293 миллионы «Нұрсәт» шағынауданына жұмсалған. Ондағы тозығы жеткен аулалардың 31-і — толық абаттандырылып, көгалдандырылды. Заманауи үлгідегі балалар ойын алаңшалары мен спорттық жаттығу тренажерлары орнатылған. Сондай-ақ, жыл ішінде тұрғын үйлерді сапалы жарықпен қамту үшін қомақты қаржы бөлініп, қазіргі уақытта абоненттеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Ал «Асар-2», «Достық», «Тұран», «Тассай» шағынаудандарындағы газ жүйесі үшін әзірге жобалар әзірленіп жатыр.Жиында аудан аумағындағы жол мен жолаяқ, көпті мезі еткен ауызсу мәселесі кеңінен сөз болды. Халықтың 75 пайызы тіршілік нәрімен қамтамасыз етілді делінгенімен, бірқатар елді мекендер әлі күнге бір тәулікте 1 сағат қана су ішеді екен. Ашынған ағайын өзекті уәжін әкімнің алдында тағы да көтерді.«Әкімдер жыл сайын су береміз деп айтады, бірақ уәдесін орындамайды! Суға зәруміз! Қиналып кеттік! Құдай-ау, ауызсусыз өмір бар ма өзі? Көмектесіңіздерші! Осы жолы шешімін тапса екен деген біздің арман-тілегіміз бар. Бүгінгі кездесуге де ел болып, осы ауызсуды айту үшін жұмыла келіп отырмыз», — деп тұрғындар уәжін жеткізді.Коммуналдық проблемаларды жұрт бүкпесіз баяндады. Қараша әкімнің көмек-қолдауына мұқтаж екенін білдірді. Және аудандағы көшелермен жүріп, тұрғындардың тынысымен етене танысуға шақырды. Жолды жарықтандыру мен жайылымдардың жайы да жиыннан шет қалмады. 3 сағатқа созылған кездесуде халықтың талап-тілегін тыңдаған Исамидин Мұхитдинұлы ауқымды мәселелердің жыл ішінде шешімін табатынын айтып, сендірді.Исамидин Қантөреев, Қаратау ауданының әкімі: «Құдай қаласа, Сіздерге жол берсек, жарық берсек, «Асар-2″ мен Өтеміс елді мекеніне су береміз деген ниеттеміз. Бұл жұмыстарды рет-ретімен атқарып, бұл мәселелердің бәрін шешеміз. Ең бастысы, мені халық болып қолдап отырсыздар. Рахмет! Енді мен барлық бойымдағы жас күш-жігерімді салып, Сіздер үшін қызмет етуге уәде, сөз беремін!»Сонымен, Қаратау ауданы әкімінің тағайындалғанына 7 айдан асты. Ал бұл кездесу — оның елге алғашқы есеп беруі. Айта өтетін ақпарат, бүгінде ауданның аумағында 17 шағынаудан, 13 тұрғын алап бар. Халық саны — 147 мыңнан асады.

Мөлдір Бекеева