Шымкентте қоғамдық көлік мәселесі тіпті ушығатын түрі бар. Көп жиында талқыға түссе де, тетігі табылмайтын автобустардың жайы тұрғындарды тіпті тығырыққа тіреуі мүмкін. Себебі кейбір бағыттағы көліктер қызмет көрсетуден бас тартып отыр.

Бұл ел арасында Карл Маркс аталып кеткен аялдамадағы күндегі жағдай. «Нұрсәт», «Нұртас», «Бозарық» бағыттарына қатынайтын жолаушылар кешқұрым автобус күтіп сарғаяды. Ұрымтал тұсты тиімді пайдаланатын таксистер жолақысын қымбаттатып тұрғындардың титығына тиюде.

Қ.Төлеметов көшесі бойынан да әзірге бір ғана №103-бағыттағы көліктер қатынайды. Жалғыз бағытқа күні қараған жұртшылық күн сайын халық саны көбейіп келе жатқан шағынауданға бұл тіптен жеткіліксіз деп шағынады.

Бір ғана бағытқа күні қарағандардың енді бірі – жаңаталаптықтар. Қоғамдық көлік мәселесі бүгінде жергілікті әкімдердің жиналыстарында қызу талқыға салынатын тақырыпқа айналды. Алайда қалаға жеткізілген жаңа автобустарға иек артып отырған шенеуніктер шалғай елдікемендерге қатынайтын бағыттардың түйіткілін биыл шешеміз деп сендірді.

Қоғамдық көлік мәселесі ушығып тұрған бүгінгідей кезеңде қызмет көрсетуші компаниялар тіпті қызмет көрсетуден бас тартып отыр екен. Жазбаша өтініш бермесе де шығындарының артып отырғанын алға тартып бағыттан шығып жатқан автобустар аз емес екенін жауаптылар да мойындап отыр.

Наурыз Сүгірәлиев, Шымкент қаласы АЖ және ЖК басқармасы басшысының орынбасары: «Қазір жиілігі төмен 112, 21 сияқты бағыттарға қатынайтын автобустардан қиындық туындауда. Шығындарының артып отырғанына байланысты бұл. Бірақ біз мұны қосымша көліктермен реттеп отырмыз.

Қазір әлеуметтік маңызы бар 7 бағытқа ашық конкурс өтуде. Қоғамдық көлік саласына жауаптылар ақпан айында жеңімпаздар анықталып, су жаңа көліктердің біразы жерлестермізге қызмет көрсететін болады дейді.

Мақпал Рысбаева