ҚР Ішкі істер министрлігі Үкімет жанындағы Жасөспірімдер ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын шұғыл шақыруға бастамашылық жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздің қылмыстық заңнамасына сәйкес,  ауырлық тудыратын жағдайда жасалған бұзақылық үшін 14 жасқа толған тұлға қылмыстық жауапкершілікке (ҚР ҚК-нің 293-бабы 2-інші және 3-тармағы) тартылады. Жасөспірімдер топтасып өздерінің құрдастарына қатысты құқыққа қайшы әрекет жасаған кезде дәл осы бап бойынша қылмыстық өндіріс ашылады. Осыған байланысты ата-аналарды, оқу орындарының ұстаздарын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында  балаларға қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа жеткендігі туралы алдын ала ескертіп, ойланбай істелген әрекеттің соңы неге әкеп соғатын айтуға шақырамыз», – деді ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев.

Оның атап өтуінше, мектеп жылдарында аңдамай жасалған әрекеттің соңы жасөспірімнің бүкіл өміріне таңба түсіруі мүмкін.

«Ішкі істер министрлігі Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында орын алған жағдайларды талқылау және ұйымдастыру-тәжірибелік шараларды әзірлеу үшін Білім және ғылым министрлігіне ҚР Үкіметі жанындағы Жасөспірімдер ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысын шұғыл шақыру туралы ұсыныс енгізді», -деді департамент басшысы.

Еске салайық, соңғы күндері әртүрлі өңірде болған оқушылар арасындағы әлімжеттік, төбелеске қатысты видеолар жиі тарай бастады. Атап айтқанда, Түркістан қаласында қатарластарына әлімжеттік жасаған оқушылар әрекеттерін видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіде таратқан болатын.

Қызылорда қаласында мектеп дәретханасында оқушылар құрдастарын ұрып, оны видеоға түсірген. Кейін олардың есімдері анықталып, балалар 5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін екендігі хабарланды. Ақтөбе облысында да оқушылар арасындағы төбелес жиілеп кетті.

Күні кеше ғана Шалқар қаласында жасөспірімдер мұз айдынында сөзге келісіп, олардың бірі ауруханада көз жұмды.  Оған дейін тағы бір оқушы пышақ жарақатымен ауруханаға түскен еді.  Дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында болған төбелестен кейін де, бір оқушы пышақ жарақатын алды. 8-9 сыныптарда оқитын ұлдар арадағы мәселелерін пышақпен шешпек болған. Бұдан бөлек, Қарағанды облысында бірқатар жасөспірім пиццерияда орын бермегені үшін құрдастарын соққыға жықты. Олардың есімдері анықталды.