Құрсайлықтардың жан айқайы биліктегілерге жетті

585
Құрсай шағынауданындағы көшелерге жаңа бағаналар орнатылды

Шымкент қаласының іргесіндегі «Құрсай», «Қарасу», «Агрофирма» елдімекендерінде бүгінде 12 мыңнан астам халық тұрады. Елдімекендегі 282,283 орамдағы тұрғындарды  сапалы ауыз сумен, табиғи газбен қамту  және жарықтандыру  мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде.

Абай ауданы әкімдігіне қарасты «Құрсай» шағынауданындағы  жаңадан бой көтерген жекеменшік үйлердегі  басты проблемалардың бірі  жарықтандыру мәселесі. Көп жылдар бойы адамдар жекенің трансформаторынан  электр энергиясын  қолданып, жарық жиі сөніп, шамды жағып отырған кездері де болды. Есесіне, тарифтері де тым қымбат — кВт-на 29 теңгеден  осы күнге дейін төлеп келеді.

Асқар Ахметов

Асқар Ахметов, Абай ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы: «Бұл күрделікті шешу мақсатында Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысымен жаңа  электр жүйесін тарту  жұмысы «Құрсайдағы»  282 мен 283 орамдарда  жүргізілуде. 1860 үйге сапалы сым тартылып, олар  жаңадан орнатылған бағаналардағы  электр жүйесіне қосылуда. Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда».

Шархан Бейсенбаев, тұрғын

«Құрсай» шағынауданында 20 жылдан астам тұратын  Шархан Бейсенбаев мемлекеттен трансформатор орнатылып, ел қатарлы тарифпен тұтынған электр жарығына төлейтініне риза. Ақсақал елдімекендегі мәселеге қанық. «Оның біршамасын аудан әкімдіне айтып жүріп,  шешіп  алдық» дейді. «Газдандыру  бойынша жұмыс жүріп жатыр. Көшелерге шағал тас төсеттік, негізгі көшелерде асфальт төселген және аялдамалар орнатылды. Енді 282,283 орамдардағы көшелерге аялдамалар орнатылса, жақсы болатын еді. Бізде «Құрсай»  шағынауданында  бір ғана мектеп бар, № 49 мектепте 2700  бала оқиды. Халықтың санын ескеріп, елдімекенде 1200 балаға шақталған жаңа үлгідегі мектеп  салынса. Және  № 49 мектептің орына 300 орындық мектеп бой көтерсе. Емхана, балабақша  салынса, тіпті жақсы болар еді».

Ақсақалдың айтуынша «Құрсайдағы» өзекті мәселелердің бірі — қоғамдық көлік. «Бізге  қатынайтын № 60, 60 «а», 111 және 21 бағыттағы көліктердің қызметі сын көтермейді», —  дейді тұрғын.

Қаланың іргесі болғандықтан, ескі автобустар мен газельдер жүреді, олар жиі бұзылады. Таңертең және кешкі уақытта қоғамдық көлікке адамдар сыймай таксиге отыруға мәжбүр. Құрсайлықтар осы күрделіктерді  биліктегілер ескереді деген үмітте.

Шынар Оразова