Қайырымдылық… Жарнама үшін бе?

828

Айналамызда қайырымды жандар көп. Мейірімге мұқтаж, қол жәрдеміне де сусап отырған жандарға қайырымдылық жасап, сауапқа молынан кенеліп жатқандары да жоқ емес.

Біреуден бірдеңе дәметпей-ақ жәй ғана жылы сөзге зәру болып жүрген заманда атымтай жомартарды көргенде «Әп, бәрекелді!» дейсің. Дегенмен … осы қайырымдылықты атын шығару үшін, даңқын асыру үшін істейтіндерді көргенде қарның ашатыны да рас.

Бір жолы облыстық мәслихаттың депутаты деген дардай атағы бар азамат жетімдер үйіне демеушілік жасамақ болды. Оған облыстық, республикалық БАҚ атаулыны сауын айтып түгел шақырыпты. Бардық. Көрдік. Бірақ көңіліміз түсіп кеткенін қалай жасырайық…

Өздеріне демеушілік жасап жатқан ағаларына балалар шын ықыластарымен концерт ұйымдастырыпты. Бірі ән айтып, бірі би билеп мәз-мейрам. Балаларға арнап дастархан жаюды да ұмытпапты әлгі ағамыз. «Адасып» кетіп балалардың дастарханына отырып қойыппыз. Қоңыртөбел, бардан жоқ дастархан мәзірі. Біздің білдей БАҚ-нан келгенімізді кеш аңғарса керек жүгіріп жүрген көмекшілері арнайы дастарханға отырғызды. Мұнда не жоқ дейсіз? Құстың сүтінен басқаның бәрі бар.

«Осыны ана жарымкөңіл балаларға жасап бір қуантқанда ғой» деген ой келді. Осыдан кейін тамақтан қалай ас өтсін? Хош, сонымен ағамыздың балаларға арнап әкелген сыйын да көрдік. Кеңестік заманнан қалған пырылдаған «Пазик». Күркілдеп оталғаны болмаса, жүруінен тұруы көптеу болатыны айтпақ-ақ көрініп тұр. Күрсінбеске амал қалмады. Осы автобуспен балаларды қыдыртады деп сыйлап отырса керек. Бәлкім бір гараждан «списайть» етілген де шығар. Сосынғысын атын шығарайын деген амалы болар. Сол сапардан көңілім түсіп оралғаны рас…

Бұдан кейін де бір «атымтай жомарттың» жетім балалар үйіне жасаған сый-сияпатын көріп, бетті басып, қатты сасып, қашып кетуге шақ қалғанымыз бар. Қытайдың арзанқол күрткелерін үйіп әкепті. Ар жағынан күн көрінгендей. Ойын баласының бір-екі кигенінен-ақ артылмайтыны көрініп тұр. Осыны дабырайтып телеарналардан шақырып, жарты әлемге жар салды. Онысына біз ұялдық.

Қайырымды адамдардың көп болғаны жақсы ғой. Бірақ атына сай ұялмайтындай жасаса. Ал үндемей жүріп-ақ үлкен іс тындыратын шын қайырымды адамдар да бар. Олардың жасаған жақсылығына разы боласың.

«Атымтай жомарт» -тардың бүгінгі жалғасы көп балалы аналарға баспана әперіп жатқандарын естіп, қуанып –ақ қаласың. Тіпті арасында жасаған жақсылығын жалпақ жұртқа жария етпеуді өтінетіндері де бар. Жақсылықты осылай жасаса керек-ті!
Қалай болғанда да бүгінде бойымыздан табыла бермейтін жанашырлық, мейірім, қайырым деген қасиет жоғалмасын дейік, ағайын…

Айназ Бейімбет